ДЕРЕККӨЗ. Жәнібек Әлімханұлы бірнеше жылдан кейін Қазақстанда алғашқы жекпе-жегін өткізеді
WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, жеңіліс көрмеген қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 KO) биылғы көктемде шаршы алаңға оралуға дайындалып жатыр. Америкалық инсайдер Дэн Рафаэльдің мәліметінше, оның келесі қарсыласы да жеңіліссіз келе жатқан британдық Шакил Томпсон (13-0, 9 KO) болуы мүмкін. Бұл жекпе-жек сәуір немесе мамыр айларында Қазақстанда өтеді деп күтілуде.
Шакил Томпсон үшін бұл кездесу Ұлыбританиядан тыс жерде өтетін алғашқы жекпе-жек болмақ. Алайда оған дейін Томпсон 7 ақпанда Шеффилд қаласында аралық жекпе-жек өткізеді. Қарсыласы әлі анықталған жоқ. Қазіргі уақытта Томпсон WBO рейтингінде сегізінші орында тұр.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы Қазақстанда соңғы рет 2017 жылы өнер көрсеткен. Ол кезде Астанада өткен жекпе-жекте бразилиялық Жильберто Перейра дос Сантоспен кездесіп, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жеткен еді.