Головкин неге World Boxing-та үш бірдей лауазымға ұсынылды? Аңыз себебін түсіндірді
Геннадий Головкин өзінің есімі World Boxing ұйымындағы бірден үш бағыт - президент, вице-президент және директорлар кеңесінің мүшелігіне ұсынылған кандидаттар қатарында не үшін көрінгенін егжей-тегжейлі түсіндірді. Қазақстан спортының аңызы үшін бастысы - лауазым емес, бокстың болашағына шынайы ықпал ете алу.
GGG айтуынша, оның басты қозғаушы күші - жүйені ішінен өзгерту ниеті.
«Мен шынымен де әлемдік боксқа өз үлесімді қосуды қалаймын. Әрине, президент ретінде таңдалғым келеді. Бірақ олай болмаса да, World Boxing дамуына көмектесудің басқа жолын табамын», - деді ол.
Головкин өз жұмысының екі негізгі басымдығын атап өтті.
Біріншіден - спортшылардың құқығын қорғау және оларды қолдау.
«Біз боксшылардың даусын естуіміз керек. Олардың мәселесін түсініп, мүддесін қорғау - басты міндет», - деді Геннадий.
Екіншіден - федерация жұмысының ашық болуы. Головкиннің пікірінше, ұйымның ашық әрі әділ басқарылуы ғана бокстың келесі Олимпиада алдындағы беделін күшейтеді.
«Не жақсы жұмыс істеп тұрғанын, ал қай тұсымызда шұғыл шешім қажет екенін анық көру үшін әділ аудит керек. Ашық коммуникация, спортшылардың қатысуы және тәуелсіз пікір - дамудың негізі», - деп қосты ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Головкин World Boxing президенттігіне кандидатурасын ұсыну туралы шешім - олимпиадалық боксты қорғау және халықаралық ұйымдарға деген сенімді қалпына келтіру мақсатынан туғанын атап өткен болатын.