Асу Алмабаев UFC-дегі келесі жекпе-жегі туралы айтып, чемпиондық мүмкіндікке тоқталды
Қазақстандық UFC файтері Асу Алмабаев октагонға қашан оралатынына қатысты жаңа мәліметпен бөлісті. Жеңіл салмақта өнер көрсететін отандасымыздың айтуынша, келесі қарсыласының есімі белгілі. Ал алдағы кездесудегі жеңіс оны чемпиондық белбеуге таласуға бір қадам жақындатуы мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алмабаевтың сөзінше, бұл жолы оған тәжірибесі мол әрі қауіпті қарсылас беріледі. Дегенмен қазақстандық файтер әзірге оның есімін жарияламады.
«Ассаламу алейкум! Келесі жекпе-жегімнің уақыты да, қарсыласым да белгілі болды. Оңай қарсылас емес, тәжірибелі әрі өте қауіпті файтер. Менеджерлер бұл кездесу чемпиондық белбеуге басты үміткерді анықтайтын жекпе-жек болуы мүмкін екенін айтып отыр. Қалай боларын көре жатармыз», - деді Алмабаев.
Қазақстандық спортшы UFC-дегі жолына да тоқталды. Ол промоушенде сегіз жекпе-жек өткізіп, соның жетеуінде жеңіске жеткенін атап өтті. Соңғы кездесулерін мерзімінен бұрын аяқтаған Алмабаев енді чемпиондық белбеуге таласуға мүмкіндік алуға ниетті.
«UFC-де сегіз жекпе-жек өткізіп, жетеуінде жеңіске жеттім. Соңғы кездесулерімді өздеріңіз де көрдіңіздер - бәрін мерзімінен бұрын аяқтадым. Егер алдағы жекпе-жекте де жеңіске жетсем, Алла қаласа, чемпиондық белбеуге үміткер мәртебесін алуға мүмкіндік туады. Бірақ UFC-де жағдай кез келген сәтте өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан біз өзімізге байланыстының бәрін жасауымыз керек», - деді қазақстандық файтер.
Қазір Алмабаев жаттығу жиынында жүр. Оның айтуынша, дайындық процесінде ұзақ үзіліс жоқ. Команда сәуір айында да осы жерде жаттыққан, енді кезекті жиынға қайта оралған.
«Қазір қайтадан жаттығу жиынындамын. Жыл бойы дайындықты тоқтатпаймыз деуге болады. Сәуірде де осы жерде жаттыққан едік, енді тағы келіп, дайындықты жалғастырып жатырмыз», - деп қосты ол.
Алмабаевтың келесі жекпе-жегі 21 қарашада Дохада өтеді деп жоспарланған. UFC осы күні Катарда UFC Fight Night турнирін өткізеді. Бастапқыда қазақстандықтың қарсыласы ретінде америкалық Брэндон Ройвал қарастырылған еді, алайда ол жекпе-жектен бас тартты. Алмабаевтың командасы енді рейтингтің жоғарғы бөлігіндегі басқа қарсыласпен кездесу өткізуді көздеп отыр.
Алмабаев UFC-дегі соңғы жекпе-жегін 27 маусымда Бакуде америкалық Чарльз Джонсонға қарсы өткізді. Қазақстандық үшінші раундта қарсыласын аяққа жасалған ауырту әдісімен берілуге мәжбүр етті.