Қазақ боксының «алтын баласы»: Төрехан Сабырхан Азия ойындарының алтынына қалай қол жеткізді
Төрехан Сабырхан Жапонияда өткен 2026 жылғы Азия ойындарының басты қаһармандарының біріне айналды. Қазақстандық боксшы 70 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алып, турнирде сенімді өнер көрсетті. Финалда ол бұған дейін Азия чемпионатының шешуші жекпе-жегінде жеңілген иорданиялық Зияд Ишаишті жеңді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Әлем чемпионы
Сабырханның мансабындағы басты жетістіктерінің бірі 2025 жылы болды. Ливерпульде өткен World Boxing ұйымының әлем чемпионатында қазақстандық боксшы 70 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды.
Жеңіліс мотивацияға айналды
2026 жылдың сәуірінде Сабырхан Ұлан-Баторда өткен Азия чемпионатының финалына дейін жетті. Алайда шешуші жекпе-жекте Иордания өкілі Зияд Ишаишке есе жіберіп, турнирдің күміс жүлдегері атанды.
Азиаданың алтыны
Алғашқы жекпе-жегінде ол Катар өкілі Мұхаммед Дбичиді 5:0 есебімен жеңді. Ширек финалда қазақстандық боксшы Ирак өкілі Әли Қасым Хамдан әл-Сараймен кездесті. Алайда қарсыласы бірінші раундтан кейін жекпе-жекті жалғастыра алмады.
Жартылай финалда Сабырхан тағы да 5:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл жолы ол Өзбекстан өкілі Шавкатжон Болтаевтан басым түсті.
Финалда қазақстандық боксшыға бұрыннан таныс Ишаиш қарсы тұрды. Сабырхан жекпе-жекті сабырлы өткізіп, қарсыласына Азия чемпионатындағы жеңісін қайталауға мүмкіндік бермеді.
Қазақ боксының жаңа жұлдызы
20 жасында Төрехан Сабырхан әлем және Азия ойындарының чемпионы атанды. Оның Жапониядағы жеңісі қазақ боксының Азиададағы биік тұғырға қайта оралуының бір бөлігі болды. Қазақстан құрамасы бұл спорт түрінен 2014 жылдан бері алғаш рет алтын медаль жеңіп алды.