Роналду 41 жасында бабын қалай сақтап жүр: тамақтану, ұйқы және жаттығу құпиялары
41 жасқа келсе де, Криштиану Роналду әлемдегі ең көп талқыланатын футболшылардың бірі болып қала береді. Жақында португалиялық шабуылшы кәсіби мансабындағы 980-голын соғып, көптен көздеген мың гол межесіне тағы бір қадам жақындады. Алайда оның жанкүйерлерді таңғалдыруы тек нәтижелі ойынымен шектелмейді. Жиырма жылдан астам уақыт бойы жоғары деңгейде өнер көрсетіп келе жатқан Роналду әлі де физикалық дайындығына ерекше мән береді.
Криштианудың өзі жас ұлғайған сайын жаттығуға деген көзқарасын өзгертуге тура келгенін бірнеше рет айтқан. Бұрын ауыр матчтардан кейін тез қалпына келсе, қазір әр жаттығудың жүктемесін мұқият жоспарлайды.
Дегенмен футболшының бабын сақтауының бір ғана құпиясы жоқ. Оның басты ұстанымы - тұрақты тәртіп, сапалы ұйқы, дұрыс тамақтану және ағзаға дер кезінде демалыс беру.
Sports24.kz Криштиану Роналдуға 41 жасында да жоғары деңгейде өнер көрсетуге көмектесетін әдеттерге тоқталып, оның жаттығу тәртібінен қарапайым адамдардың нені үлгі ете алатынын баяндайды.
Ұйқы - Роналду үшін ең маңызды әдеттердің бірі
Португалиялық футболшы жақсы тынығуды алаңдағы жаттығудан кем санамайды.
WHOOP подкастына берген сұқбатында Роналду күн сайын шамамен бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оянуға тырысатынын айтқан. Фитнес-білезігінің мәліметіне қарағанда, сол кезеңде оның орташа ұйқы ұзақтығы 7 сағат 15 минутты құраған.
Криштиану үшін ұйқы - қарбалас күннен кейін жай ғана тынығу емес. Түнгі демалыс кезінде ағза ауыр физикалық жүктемеден кейін күш жинап, қалпына келеді.
Ал футболшының тәулігіне бес рет 90 минуттан ұйықтайтыны туралы кең тараған ақпаратты барлығына бірдей жарайтын кеңес деп қабылдауға болмайды. Роналдудың өзі ең алдымен тұрақты ұйқы тәртібінің маңызын атап өтеді.

Қатаң тамақтану тәртібі, бірақ сүйікті астан толық бас тартпайды
Роналдудың дайындығында тамақтану да айрықша орын алады.
Ол күнделікті ас мәзірінде сапалы өнімдерге, ақуызға және жаттығуға қажетті қуат алуға көңіл бөледі. Дегенмен футболшы өзін ұнататын тағамдарының бәрінен шектеп, үнемі қатаң тәртіппен өмір сүретін адам ретінде көрсетпейді.
Журналист Эду Агирреге берген сұқбатында Криштиану кейде аса пайдалы саналмайтын тағамдарды да жейтінін және мұны үлкен мәселе деп қабылдамайтынын айтқан. Оның ойынша, күн сайын мінсіз тамақтануға тырысқаннан гөрі, дұрыс әдеттерді өмір салтына айналдырған маңызды.
Роналду мұны қарапайым мысалмен де түсіндірген. Егер баласы оған печенье ұсынса, спорттық тәртібін сылтауратып, одан бас тартпайды.
Бұл кәсіби спортшылар үнемі өздерін барлық нәрседен шектейді деген түсініктің шындыққа толық сәйкес келмейтінін көрсетеді.

Неліктен Роналду қазір 20 жасындағыдай жаттықпайды?
Жас ұлғайған сайын Криштианудың жаттығу жүйесі де өзгерген.
Роналду бүгінде ағзасы бұрынғыдай жылдам қалпына келмейтінін жасырмайды. Сондықтан ол жаттығу залында қанша уақыт өткізгеніне емес, сол уақытты қаншалықты тиімді пайдаланғанына көбірек мән береді.
Әсіресе команда қысқа мерзім ішінде бірнеше матч өткізетін кезде жүктемені дұрыс бөлу маңызды.
Португалиялық футболшы мұндай жағдайда ұзақ жаттығулар әрдайым пайдалы бола бермейді деп есептейді. Кейде ағзаға шамадан тыс күш түсірмей, қысқа әрі нақты мақсатқа бағытталған жаттығулар жасаған тиімді.
«Әл-Насрдың» бұрынғы бас бапкері Луиш Каштру кезінде Роналдудың басты ерекшелігін «көзге көрінбейтін жаттығу» деп сипаттаған.
Бұл ұғымға футболшының негізгі жаттығудан тыс уақытта атқаратын жұмысының бәрі кіреді: ұйқы тәртібін сақтау, дұрыс тамақтану, қалпына келуге көңіл бөлу және денсаулығын үнемі бақылауда ұстау.
Каштрудың пікірінше, Криштианудың ұзақ жылдар бойы жоғары деңгейден түспеуіне дәл осы күнделікті әдеттері үлкен әсер еткен.

Суық су, заманауи технологиялар және үздіксіз қозғалыс
Роналду ағзаны қалпына келтіру үшін суық суға түсу мен салқын душ қабылдау сияқты әдістерді де қолданады. WHOOP өкілдерімен әңгімесінде ол таңертең оянған соң су ішетінін, күннің алғашқы сәулесін қабылдауға уақыт бөлетінін және фитнес-білезік арқылы ағзасының жағдайын қадағалайтынын айтқан.
Бұл құрылғы футболшыға ұйқы сапасын, физикалық жүктемені және ағзаның қалпына келу көрсеткіштерін бақылауға көмектеседі.
Сұхбаттардың бірінде Криштианудың күніне орта есеппен 17 мың қадам жасайтыны да белгілі болған.
Бұл көрсеткіш тек жаттығу барысында жиналмайды. Роналду күнделікті өмірде де көп қозғалады. Әсіресе балаларымен уақыт өткізгенде бір орында ұзақ отырмайды.
Дегенмен суық ваннаға түсу немесе арнайы құрылғыларды пайдалану жақсы физикалық формаға жетудің міндетті шарты емес. Мұның бәрі кәсіби спортшының жеке дайындығына арналған әдістер. Сондықтан оларды кез келген адамға жарайтын дайын бағдарлама ретінде қабылдамаған жөн.

Роналдудың қандай әдеттерін күнделікті өмірде қолдануға болады?
Әлемдегі ең үздік футболшылардың бірінің жаттығу бағдарламасын толық қайталау міндетті емес. Тіпті спортпен тұрақты айналыспайтын адам үшін мұндай жүктеме шамадан тыс ауыр болуы мүмкін.
Алайда Криштианудың өмір салтындағы кейбір қағидаларды кез келген адам ұстана алады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ересектерге аптасына 150–300 минут орташа қарқынмен дене белсенділігімен айналысуға, сондай-ақ кемінде екі күн бұлшықеттерді нығайтатын күш жаттығуларын жасауға кеңес береді.
Бастапқыда қарапайым серуеннің өзі жеткілікті. Кейін қозғалыс уақытын және жаттығу қарқынын біртіндеп арттыруға болады.
Уақытылы ұйықтау, күнделікті қозғалысты көбейту, құнарлы әрі әртүрлі тағам жеу және ағзаға жеткілікті демалыс беру үшін қымбат құрылғылар мен жеке жаттықтырушы қажет емес.
Роналдудың өмір салтынан түйетін басты ой да осы. Оның физикалық дайындығы қандай да бір ерекше әдістің нәтижесі емес, жылдар бойы қалыптасқан тәртіп пен үздіксіз еңбектің жемісі.
Криштианудың өзі де кей күндері жаттығу залына барғысы келмейтінін мойындаған. Бірақ дәл осындай сәттерде тәртіп пен жауапкершілік оған көңіл күйіне қарамастан жаттығуын жалғастыруға көмектеседі.