Видео. Рыбакина US Open финалына қалай шықты және онда Соболенкомен кездеседі
US Open-2026 әйелдер арасындағы жекелей сындағы финалында қазақстандық Елена Рыбакина мен белоруссиялық Арина Соболенко кездеседі, деп хабарлайды Sports24.kz.
Матч Қазақстан уақытымен 12-нен 13 қыркүйекке қараған түні шамамен 01:00-де басталады.
Жартылай финалда Рыбакина WTA рейтингінде төртінші орында тұрған америкалық Коко Гауффты жеңді.
Алғашқы партияда қазақстандық теннисші сенімсіз ойнап, 18 рет допты ойынға қоса алмай қателесті және бір ғана эйс орындады. Ал америкалықтың еншісінде төрт эйс болды.
Алтыншы геймде Рыбакина өз добын бере салды. Осыдан кейін Гауфф қатарынан тағы екі геймді сенімді түрде алып, қарсыласына кері брейк жасауға мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде бірінші сет америкалық теннисшінің пайдасына 6:3 есебімен аяқталды.
Екінші партияда Рыбакина айтарлықтай қосылып, тұрақтырақ ойнай бастады. Қазақстандық теннисші қателер санын азайтып, біртіндеп бастаманы өз қолына алды. Төртінші геймде брейк жасап, кейін өз добын сақтап, есепті 4:1-ге жеткізді.
Алайда Гауфф ойынға қайта оралды. Америкалық қатарынан үш гейм алып, есепті 4:4-ке жеткізді. Соған қарамастан, партияның соңғы бөлігі Рыбакинаның пайдасына өтті. Оныншы геймде Елена тағы бір брейк жасап, партиялар есебін теңестірді — 6:4.
Шешуші сетте Рыбакина зейінін жоғалтпай, кездесуді жеңіспен аяқтай алды.
Қазақстандық теннисші үшінші партияда 6:4 есебімен жеңіске жетіп, матчты өз пайдасына аяқтады — 3:6, 6:4, 6:4.
Ал Соболенко өз кезегінде әлемдік рейтингте үшінші орында тұрған америкалық Джессика Пегуланы жеңді.
Финалдың нәтижесіне қарамастан, келесі аптадан бастап Рыбакина WTA рейтингінде бірінші орынға көтеріледі. Осылайша ол бірінші сатыдан Соболенконы ығыстырады.
US Open-2026 әйелдер арасындағы жекелей сында жеңімпаз атанған теннисші 5,5 миллион АҚШ доллары көлеміндегі жүлде мен 2000 рейтингтік ұпайға ие болады.