locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

US Open-2026 финалында Арина Соболенко Рыбакинаға несімен қауіпті

Төрт «Үлкен дулыға» титулы, қатарынан екі US Open жеңісі және жеке кездесулердегі басымдық
US Open-2026 финалында Арина Соболенко Рыбакинаға несімен қауіпті
ФОТО: Getty images

Елена Рыбакина мансабында алғаш рет US Open финалында ойнайды. Үшінші «Үлкен дулыға» титулына апарар жолдағы соңғы қарсыласы - өзіне жақсы таныс Арина Соболенко. Беларусь теннисшісі шешуші матчқа әлемнің қазіргі бірінші ракеткасы, US Open турнирінің екі дүркін чемпионы әрі соңғы жылдардағы хард корттың ең мықты ойыншыларының бірі ретінде шығады.

Sports24.kz Соболенконың кім екенін, мансабында қандай жетістіктерге жеткенін және оның Рыбакина үшін неліктен аса қауіпті қарсылас екенін тарқатып жазды.

Минскіден әлемнің бірінші ракеткасына дейін

Арина Соболенко 1998 жылдың 5 мамырында Минскіде дүниеге келген. Қазір ол 28 жаста. Бойы - 182 сантиметр. Кәсіби мансабын жасөспірім кезінде бастаған теннисші 2018 жылы үлкен серпіліс жасады. Сол маусымда ол Нью-Хейвен мен Уханьдағы WTA турнирлерінде топ жарды.

Уақыт өте келе қуатты соққыларымен ерекшеленген перспективалы теннисші ірі турнирлердің тұрақты фавориттерінің біріне айналды. 2023 жылдың қыркүйегінде, US Open аяқталғаннан кейін, Соболенко алғаш рет WTA рейтингінің бірінші сатысына көтерілді. 2024 жылы ол көшбасшылықты қайта қайтарып, маусымды әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтады. 2025 жылдың қорытындысында да Арина рейтингтің басында қалды.

Биылғы US Open қарсаңында да Соболенко әлемдік рейтингтің көшін бастап тұрды. Алайда Нью-Йорктегі турнирден кейін бірінші орын Рыбакинаға өтеді.

Төрт «Үлкен дулыға» титулы

Соболенконың ең үлкен жетістіктері ең алдымен хард кортпен байланысты. Алғашқы «Үлкен дулыға» титулын ол Australian Open-2023 турнирінде жеңіп алды. Дәл сол финалдан оның Рыбакинамен мэйджорлардағы үлкен бәсекесі басталды.

Елена финалдың алғашқы сетінде жеңіске жеткенімен, Соболенко матч барысын өзгертіп, 4:6, 6:3, 6:4 есебімен басым түсті. Бір жылдан кейін Арина Australian Open чемпионы атағын қорғап, шешуші кездесуде Чжэн Циньвэньді 6:3, 6:2 есебімен жеңді.

Кейін Соболенко Нью-Йоркте де чемпион атанды. US Open-2024 финалында ол Джессика Пегуланы 7:5, 7:5 есебімен ұтты. Бір жылдан кейін титулын қорғап, Аманда Анисимовадан 6:3, 7:6 есебімен басым түсті. Осылайша, қазір Аринаның жекелей сында төрт «Үлкен дулыға» титулы бар - екі Australian Open және екі US Open.

Оның мэйджорлардағы жетістігі мұнымен шектелмейді. 2023 жылы Соболенко US Open финалында Коко Гауффқа есе жіберді. 2025 жылы Australian Open шешуші кездесуінде Мэдисон Кизден, ал «Ролан Гаррос» финалында Гауффтан жеңілді. 2026 жылдың қаңтарында Australian Open финалындағы тағы бір жеңілісті оған Рыбакина әкелді.

2026 жылы Рыбакина Соболенконың бір мэйджорын алып қойды

Australian Open-2026 финалы Нью-Йорктегі кездесуге ерекше мән береді.

Мельбурнде Рыбакина Соболенконы 6:4, 4:6, 6:4 есебімен жеңіп, мансабындағы екінші «Үлкен дулыға» титулына қол жеткізді. Арина Australian Open чемпиондығын қайтаруға бір қадам қалғанда, Елена оны трофейсіз қалдырды.

Енді жағдай керісінше қайталанғалы тұр. Бұл жолы Соболенко Нью-Йорктегі чемпиондық атағын қорғаса, Рыбакина оны US Open титулынан айыруға тырысады.

Бұл олардың «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші өзара финалы болмақ. Australian Open-2023 Соболенконың еншісінде қалса, Australian Open-2026 Рыбакинаға бұйырды. Есеп - 1:1.

Соболенко хардта несімен қауіпті?

Бұл жерде Аринаның көрсеткіштері ерекше назар аудартады.

Соболенко хардта өткен «Үлкен дулыға» турнирлерінде қатарынан сегізінші рет финалға шықты. Оның бұл сериясы Australian Open-2023 турнирінен басталған.

US Open-де де Арина соңғы жылдары өте тұрақты өнер көрсетіп келеді. Биыл ол Нью-Йорктегі финалға төртінші жыл қатарынан жетті, ал турнирдегі жеңісті сериясы 19 матчқа дейін созылды.

2024 және 2025 жылдары Соболенко чемпион атанды. Егер биыл да жеңіске жетсе, Крис Эверт пен Серена Уильямстан кейін US Open турнирін үш жыл қатарынан жеңген Открытая эрадағы үшінші теннисші атанады.

Басты қаруы - қуатты ойын

Соболенконың теннисі агрессияға негізделген. Қуатты бірінші сервис оған доп ойынға қосылған сәттен-ақ басымдық алуға мүмкіндік береді. Одан кейін Арина розыгрышты созбай, артқы сызықтан шабуылдауға тырысады.

Оның қазіргі формасын Джессика Пегулаға қарсы жартылай финал анық көрсетті. Соболенко 7:5, 6:2 есебімен жеңіп, жеті эйс пен 29 виннер орындады. Бүкіл матч барысында Пегула небәрі бір брейк-пойнтқа ғана ие болды.

Бұл Рыбакина үшін де маңызды. Елена да ойынын қуатты сервис пен алғашқы соққылардағы агрессияға құрады. Сондықтан финалда допты кім бірінші болып бақылауға алып, қарсыласқа өз ойынын жүргізуге мүмкіндік бермейтіні шешуші факторлардың біріне айналуы мүмкін. Рыбакинаның өзі де жартылай финалдан кейін Соболенкоға қарсы сервисті жақсартып, агрессивті ойнау керектігін атап өтті.

Қуатты ойынның әлсіз тұсы да бар

Соболенко тәуекелі жоғары теннис ойнайды. Соққылары дәл түскен кезде Аринаны тоқтату өте қиын. Алайда ойын жүрмей қалса, мұндай стиль еріксіз қателер мен қос қателердің көбеюіне алып келеді.

Эмоциялық фактор да бар. Пегулаға қарсы жартылай финалдың басында Соболенко бірнеше сәтсіз эпизодқа ашуланып, қос қатеден кейін ракеткасын кортқа ұрды. Соған қарамастан, кейін сабырға келіп, матчты толық бақылауына алды.

Соңғы жылдары оның ойынындағы басты өзгерістердің бірі де осы — Соболенко қиын сәттерден шығуды үйренді. Биылғы US Open ширек финалында ол Уимблдон чемпионы Линда Носковамен үш сетке созылған ауыр кездесуді өткізіп, шешуші тай-брейкте жеңіске жетті - 7:6, 3:6, 7:6.

Нью-Йоркте қайта бабына келді

Соболенко үшін 2026 жыл біркелкі өткен жоқ. Australian Open финалына жеткенімен, шешуші матчта Рыбакинадан жеңілді. Соған қарамастан, осы маусымда Арина үш WTA турнирінде - Брисбен, Индиан-Уэллс және Майамиде чемпион атанды. US Open басталғанға дейін оның маусымдық көрсеткіші 40 жеңіс және сегіз жеңіліс болды.

Сәтті көктемнен кейін нәтижесі төмендеген кезең де болды. Алайда Нью-Йоркте Соболенко қайтадан өзінің үздік теннисіне жақындады. Пегулаға қарсы жартылай финалда ол сенімді ойнап, шешуші матчқа жақсы формада келе жатқанын көрсетті.

Соболенко үшін де тарихи финал

Арина кортқа тек чемпиондық атағын қорғау үшін шықпайды. Жеңіс оған мансабындағы бесінші жекелей «Үлкен дулыға» титулын және қатарынан үшінші US Open чемпиондығын әкеледі.

Тағы бір ерекше жағдай бар. Турнир аяқталғаннан кейін Соболенко WTA рейтингіндегі бірінші орнын Рыбакинаға береді. Яғни Арина әлемдік рейтингтің көшін Еленаға өткізіп бергенімен, Нью-Йорктегі титулын оған бермеуге тырысады.

Рыбакина болса, бірінші ракетка мәртебесін өзіне кепілдендіріп қойды. Енді оған тарихи US Open турнирін алғашқы чемпиондығымен және мансабындағы үшінші мэйджормен аяқтау мүмкіндігі туып отыр.

Сондықтан Нью-Йорктегі финал олардың үлкен бәсекесінің кезекті тарауына айналмақ: әлемнің қазіргі бірінші ракеткасы болашақ №1-ге қарсы, US Open-нің екі дүркін қазіргі чемпионы Australian Open-2026 жеңімпазына қарсы шығады.

Жеке кездесулерде кім алда?

Финалдың тағы бір маңызды интригасы - Рыбакина мен Соболенконың өзара кездесулер тарихы. Олар осыған дейін 17 рет кездескен, есеп 10:7 - Аринаның пайдасына.

Алайда «Үлкен дулыға» финалдарында жағдай тең. Australian Open-2023 шешуші кездесуінде Соболенко жеңсе, үш жылдан кейін Мельбурнде Рыбакина қарымта қайтарды.

Енді US Open-2026 олардың мэйджор финалдарындағы үшінші кездесуі болмақ. Нью-Йорктегі матч тек чемпионды ғана емес, «Үлкен дулыға» финалдарындағы жеке текетіресте кімнің алғаш рет алға шығатынын да анықтайды.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie