Теннис мұнай құдығына айналды ма? Forbes жұлдыздардың қыруар табысын көрсетті
Әлемдік спорттағы ең ықпалды басылымдардың бірі – Forbes жуырда әлемдегі ең жоғары табыс табатын теннисшілердің жаңа рейтингін жариялады. Мұнда да тосынсый болған жоқ: басты қаржы айналымы тағы да жарқын жұлдыздардың төңірегінде шоғырланған.
Екінші жыл қатарынан тізімнің көшін испандық Карлос Алькарас бастады. Оның жылдық табысы – қомақты 48,3 миллион доллар. Одан бір ғана саты төменде – италиялық Янник Синнер (47,3 млн). Үздік үштікті америкалық Кори Гауфф (37,2 млн) түйіндеді.
Әлемдік корттың аңызға айналған шебері Новак Джокович бұл жолы төртінші орынға жайғасып, 29,6 миллион доллар тапты. Ал биылғы Арина Соболенконың табысы 27,4 миллион доллар болып тіркелді. Олардың ізін ала қытайлық сенсация Чжэн Циньвэнь (26,1 млн) мен польшалық әйелдер теннисінің көшбасшысы Ига Швентек (24 млн) орналасқан.
Табысты спортшылар қатарынан америкалық Тэйлор Фриц (15,6 млн) пен Фрэнсис Тиафо (15,2 млн) да көрінді. Ал алғашқы ондықты ресейлік Даниил Медведев жапты – оның жылдық табысы 14,3 миллион доллар.
Қазақстандық мақтанышымыз, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина бұл тізімге енбей қалды. Дегенмен оның «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі тұрақты әрі табанды ойыны көптеген жұлдыздардан кем түспейді. Керісінше, көбіне олардан да жоғары деңгей көрсетіп жүр.
Айта кетейік, Рыбакина 24 тамыз күні АҚШ-та басталатын US Open додасында өз жолын америкалық Парехаға қарсы матчтан бастайды.