locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Соққы күшіне қарай бөлуге болады». Осака Рыбакина мен Соболенконы салыстырды

Айта кетейік, Рыбакина US Open қорытындысы бойынша мансабында алғаш рет WTA әлемдік рейтингінде бірінші орынға шығу мүмкіндігін сақтап отыр
ФОТО: Getty Images

Төрт дүркін «Үлкен дулыға» турнирінің чемпионы, әлемнің 13-ракеткасы Наоми Осака US Open-2026 турнирінен шығып қалғаннан кейін әлемнің бірінші ракеткасы белоруссиялық Арина Соболенко мен әлемнің екінші ракеткасы қазақстандық Елена Рыбакинаны салыстырды, деп хабарлайды Sports24.kz.

Еске салайық, Осака төртінші айналымда Рыбакинадан жеңіліп қалған болатын.

«Бұл біртүрлі сезім. Теннисшілерді соққы күшіне қарай бөлуге болады деп ойлаймын. Мысалы, ол допқа өте жылдам соққы жасайды, ал Соболенко өте ауыр соққылар жасайды. Екеуі де өте мықты, бірақ әрқайсысы өзінше. Екеуінің де өте мықты екені анық. Бүгін қабылдау кезінде нашар ойнадым деп ойламаймын. Меніңше, ол өте жақсы доп берді. Торонтодан бері алғашқы добын қабылдағанда сәл агрессивтірек ойнауға тырыстым, өйткені оның ойын мәнеріне байланысты қабылдаған добыңды бірден алаңның арғы жағына жіберуге тура келеді. Мен алғашқы доптың өзінде бастаманы қолға алуға тырыстым. Бірақ, әрине, ол әлемдегі ең мықты доп беретін теннисшілердің бірі», - деді Осака, деп келтіреді оның сөзін Punto de Break.

US Open-2026 30 тамыз бен 12 қыркүйек аралығында өтеді. Турнирдің қазіргі чемпионы — әлемнің бірінші ракеткасы, белоруссиялық теннисші Арина Соболенко.

Рыбакина алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атануы мүмкін

Елена Рыбакина US Open-2026 қорытындысы бойынша мансабында алғаш рет WTA әлемдік рейтингінің көшін бастау мүмкіндігін сақтап отыр.

Турнир басталар алдында Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) рейтинг бойынша есепті жариялаған болатын. Оған сәйкес, қазақстандық теннисші басқа қатысушылардың нәтижесіне қарамастан жартылай финалға шықса, әлемдік рейтингте бірінші орынға көтеріледі.

Сонымен қатар, ширек финалда жеңілу де Рыбакинаның бірінші орынға таласу мүмкіндігінен айырмайды. Мұндай жағдайда оған US Open турнирінде үш теннисшінің бірінің жеңісі кедергі болуы мүмкін: әлемнің қазіргі бірінші ракеткасы Арина Соболенко немесе америкалықтар Джессика Пегула мен Коко Гауфф. Үшеуі де ширек финалға шықты.

Егер Рыбакина WTA рейтингінің шыңына көтерілсе, ол Қазақстан тарихында әлемдік теннис рейтингінде бірінші орын алған алғашқы өкіл атанады.

Арсен Алиев
Редактор
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie