Соболенко және теннистің басқа да жұлдыздары кештен кейін тексеріске ілікті
Теннистегі адалдықты қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық агенттік (ITIA) US Open-2026 турнирі басталар алдында Нью-Йоркте өткен DraftKings компаниясының турнир алдындағы кешіне белгілі теннисшілердің қатысуына байланысты тексеру бастады, деп хабарлайды Sports24.kz журналист Бен Ротенбергке сілтеме жасап.
Дереккөздің мәліметінше, шараға Серена Уильямс, Коко Гауфф, Арина Соболенко, Мирра Андреева, Тейлор Фриц және теннистің басқа да танымал өкілдері қатысқан.
Шараны Майамиден шыққан, түнгі ойын-сауық индустриясымен байланысты кәсіпкер Дэйв Грутман ұйымдастырған. Ол бірқатар танымал теннисшілермен тығыз қарым-қатынаста және спортшыларға Майами мен басқа қалаларда болған кезде түрлі жеңілдіктер ұсынатыны хабарланды.
Соболенко, Уильямс, Григор Димитров, Гауфф, Андреева және Ева Лис секілді теннисшілер Грутманмен бірге DraftKings логотиптері орналасқан қабырға алдында суретке түскен.
Кештен түсірілген суреттер әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін теннис ортасындағы бірнеше ақпарат беруші бұл шара туралы спорттағы адалдық қағидаларының сақталуын қадағалайтын органдарға хабарлаған. Осыдан кейін жағдай ITIA-ның назарына іліккен.
Сонымен қатар дереккөздің мәліметінше, шараға қатысқан теннисшілер DraftKings компаниясынан гонорар алмаған. US Open қарсаңындағы кейбір басқа іс-шараларға спортшылардың қатысқаны үшін тікелей ақы төленсе, бұл кешке теннисшілер Грутманмен жеке қарым-қатынасына және шараға деген қызығушылығына байланысты барған.
Дегенмен кәсіби теннисшілердің тенниске бәс тігу қызметін ұсынатын компанияның жарнамалық шарасына қатысуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ережелер тұрғысынан сұрақ туындатуы мүмкін. Сондай-ақ ITIA спортшыларға букмекерлік брендтермен байланысты іс-шараларға қатысқан кезде сақ болу қажеттігін ескертуі мүмкін.
Қазіргі таңда бұл жағдай бойынша тексеру жүріп жатыр. Теннисшілердің шараға қатысу фактісінің өзі олардың ереже бұзғанын білдірмейді. ITIA-ның бұл мәселеге қатысты қорытындысы әзірге жарияланған жоқ.