«Әрине, өкінішті». Ресейлік теннисші Рыбакинаның Қазақстан атынан өнер көрсетуіне қатысты пікір білдірді
Теннистен Олимпиада чемпионы Елена Веснина Елена Рыбакинаның спорттық азаматтығын ауыстыруына қатысты пікір білдірді. Ресейлік спортшы теннисшінің елден кеткеніне өкінетінін жасырмады. Дегенмен дәл Қазақстан атынан өнер көрсету туралы шешім Рыбакинаның өз әлеуетін толық ашып, бүгінгі жетістіктеріне жетуіне ықпал еткен болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Веснина Рыбакинаның дайындығына ресейлік мамандардың қосқан үлесін атап өтіп, кәсіби мансабындағы басты белестерді Елена Қазақстан атынан өнер көрсеткен кезеңде бағындырғанын мойындады.
«Әрине, өкінішті. Лена Рыбакина мансабын Ресейде бастады. Оның негізгі дайындығы, техникасы мен ойын мәнері дәл сол жерде қалыптасты. Бапкері Евгения Борисовна Куликовская онымен орасан зор жұмыс атқарды. Алайда Елена қазіргі деңгейіне Қазақстанның туы астында өнер көрсетіп жүріп жетті. Оған мұнда қолдау көрсетілді. Бәлкім, Қазақстанға ауыспағанда мұндай нәтижелерге қол жеткізе алмас па еді. Мұны нақты айту мүмкін емес», – деді Веснина «Рейтинг Букмекеров» басылымына берген сұқбатында.

Рыбакинаның спорттық азаматтығын ауыстырғанына қарамастан, Олимпиада чемпионы оны әлі де Ресей теннисіне жақын спортшы ретінде қабылдайтынын жеткізді. Веснинаның Беларусь өкілі Арина Соболенкоға да көзқарасы осындай. Оның айтуынша, матчтарды тамашалаған кезде теннисшілердің қай елдің атынан өнер көрсететінінен гөрі, олардың ойын шеберлігі маңызды.
Еске салайық, Рыбакина 2018 жылдан бері Қазақстан атынан өнер көрсетіп келеді. Теннисші мансабындағы басты жүлделерін еліміздің туы астында жеңіп алды. Ал 2026 жылғы маусым оның кәсіби мансабындағы ең табысты кезеңге айналды. Елена Australian Open және US Open турнирлерінде топ жарып, қыркүйекте алғаш рет WTA әлемдік рейтингінің көшін бастады.
Маусым қорытындысы бойынша қазақстандық теннисші әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесін сақтап қалды. Ресейлік Мирра Андреева екінші орынға жайғасса, Беларусь өкілі Арина Соболенко үздік үштікті түйіндеді.
Бұған дейін Рыбакина 2026 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның үздік спортшысы атағына басты бәсекелестерін атап, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров пен тау шаңғысы спорты өкілдерінің жетістіктеріне ерекше тоқталған еді.