Рыбакина – Соболенко финалында не тұр: титул, рекордтық жүлде және жаңа тарих
Елена Рыбакина мансабында алғаш рет US Open финалында ойнайды. Шешуші кездесуде қазақстандық теннисші турнирдің соңғы екі жеңімпазының бірі Арина Соболенкоға қарсы шығады. Sports24.kz финал алдында екі спортшы үшін маңызды болатын негізгі жетістіктер мен сандарды жинақтады.
Үшінші «Үлкен дулыға» титулы
Рыбакина бұған дейін екі рет «Үлкен дулыға» турнирін жеңген. 2022 жылы ол Уимблдон чемпионы атанса, 2026 жылдың қаңтарында Australian Open турнирінде топ жарды.
Нью-Йорктегі жеңіс Еленаға мансабындағы үшінші мэйджорды және 2026 жылғы екінші «Үлкен дулыға» титулын әкеледі. Оның үстіне Australian Open-2026 финалында да Рыбакина Соболенконы 6:4, 4:6, 6:4 есебімен жеңген.
US Open қазақстандық теннисші жеңген үшінші түрлі «Үлкен дулыға» турнирі болмақ. Осыдан кейін мансаптық Grand Slam үшін оған тек «Ролан Гаррос» титулы ғана жетіспейді.

5,5 миллион доллар
Финалдағы қаржылық бәс те рекордтық деңгейде.
US Open-2026 чемпионы 5,5 миллион доллар алады. Финалистке 2,8 миллион доллар тиесілі.
Яғни бір матч қосымша 2,7 миллион доллардың кімге бұйыратынын анықтайды.
Турнирдің жалпы жүлде қоры рекордтық 108 миллион долларды құрайды.

Әлемнің бірінші ракеткасы – финал нәтижесіне қарамастан
WTA рейтингіндегі бірінші орын бұл финалда шешілмейді.
Рыбакина Чжэн Циньвэньді ширек финалда жеңгеннен кейін-ақ көшбасшылыққа кепілдік берді. 14 қыркүйекте Елена алғаш рет ресми түрде әлемнің бірінші ракеткасы атанып, дәл Соболенконы рейтинг шыңынан ығыстырады.
Қазақстандық теннисші Арина Соболенконың бірінші орында қатарынан 99 апта тұрған сериясын тоқтатты.
Осылайша, финалда қазіргі №1 мен турнирден кейін оны алмастыратын жаңа көшбасшы кездеседі.
Екеуінің үшінші «Үлкен дулыға» финалы
Рыбакина мен Соболенко бұған дейін мэйджор финалында екі рет кездесті.
Australian Open-2023 финалында Соболенко 4:6, 6:3, 6:4 есебімен жеңді.
Үш жылдан кейін Рыбакина Australian Open-2026 финалында реванш алды – 6:4, 4:6, 6:4.
Сондықтан қазір олардың «Үлкен дулыға» финалдарындағы есебі 1:1. US Open бұл текетіресте кімнің алға шығатынын анықтайды.
Соболенко жеке кездесулерде алда, Рыбакина финалдарда
Жалпы екі теннисші 17 рет кездескен. Жеке кездесулер есебі 10:7 – Соболенконың пайдасына.
Бірақ финалдарға келгенде жағдай өзгереді: шешуші матчтарда Рыбакина 4:2 есебімен алда.
2026 жылы олар үш рет кездесіп үлгерді. Рыбакина Australian Open финалында жеңсе, Соболенко Индиан-Уэллс финалы мен Майами жартылай финалында басым түсті.
Соболенко Серенаның жетістігін қайталай алады
Арина үшін Нью-Йоркте тағы бір тарихи меже бар.
Ол US Open-ді 2024 және 2025 жылдары жеңіп, биыл турнир финалына төртінші жыл қатарынан шықты.
Егер Соболенко тағы да чемпион атанса, US Open-ді үш жыл қатарынан жеңген теннисші болады. Мұндай нәтижеге соңғы рет Серена Уильямс 2012–2014 жылдары қол жеткізген.
Енді сол серияны тоқтату Рыбакинаның қолында.
Рыбакинаның төртінші мэйджор финалы
Нью-Йорктегі кездесу Елена үшін «Үлкен дулығадағы» төртінші финал болады.
• Уимблдон-2022 – жеңіс;
• Australian Open-2023 – жеңіліс;
• Australian Open-2026 – жеңіс;
• US Open-2026 – алдағы финал.
Қазір Рыбакинаның мэйджор финалдарындағы көрсеткіші – 2 жеңіс, 1 жеңіліс. Ал әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесіне Рыбакина финал нәтижесіне қарамастан ие болады.