locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Рыбакина енді US Open-2026 турнирінің басты фавориті емес: оның чемпиондық мүмкіндігі қалай өзгерді?

Турнир басталар алдында қазақстандық теннисші UTR Insights болжамында көш бастап тұрған еді, алайда алғашқы аптадан кейін алтыншы орынға түсті
Рыбакина енді US Open-2026 турнирінің басты фавориті емес: оның чемпиондық мүмкіндігі қалай өзгерді?
ФОТО: Getty images

US Open-2026 турнирінің алғашқы аптасы аяқталғаннан кейін UTR Insights сарапшылары теннисшілердің чемпион атану мүмкіндігін қайта бағалады. Елена Рыбакина жарыс басталар алдында басты фаворит саналғанымен, жаңартылған тізімде алтыншы орынға сырғыды, деп хабарлайды Sports24.kz.

Соған қарамастан қазақстандық спортшының титул алу ықтималдығы өзгерген жоқ - 9%. Оның тізімдегі орнын жоғалтуына өз көрсеткішінің төмендеуі емес, қарсыластарының алғашқы айналымдардағы сәтті ойыны әсер етті.

Жаңартылған болжамда Ига Швентек пен Кори Гауфф көш бастады - екеуінің де чемпиондық мүмкіндігі 14% деп бағаланған. Одан кейін Арина Соболенко мен Марта Костюк келеді - олардың көрсеткіші 10%-дан. Ал Рыбакина 9%-бен Джессика Пегуламен бір деңгейде тұр.

US Open-2026 басталар алдында жағдай мүлде басқаша еді. Сол кезде дәл осы 9 пайыздық көрсеткішпен Рыбакина басты фаворит ретінде бірінші орында тұрған. Алайда алғашқы аптадан кейін оның мүмкіндігі өзгермегенімен, бәсекелестері алға шықты.

Еленаның өзі әзірге кортта сенімді өнер көрсетіп келеді. Ол Нью-Йорктегі алғашқы үш кездесуінде бірде-бір сет жоғалтпай, мансабында екінші рет US Open турнирінің төртінші айналымына шықты.

Үшінші кезеңде Рыбакина украиналық Юлия Стародубцеваны 7:6 (8:6), 6:3 есебімен жеңді. Бұған дейін америкалық Теа Фродин мен испаниялық Джессика Боусас Манейродан басым түскен еді.

Енді қазақстандық теннисшіні 1/8 финалда Наоми Осака күтіп тұр. Жапония өкілі - әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы әрі US Open турнирінің екі дүркін чемпионы. Биылғы жарыста Осака екі рет үш сетке созылған матч өткізіп үлгерді.

Рыбакина мен Осака жақында ғана - тамыз айында Торонто турнирінде кездескен. Сол ойында қазақстандық теннисші алғашқы партияны беріп қойғанымен, кейін матч барысын өзгертіп, 4:6, 7:6 (7:5), 6:4 есебімен жеңіске жетті. Бұл әзірге олардың тур деңгейіндегі жалғыз кездесуі.

US Open Рыбакина үшін тек «Үлкен дулыға» титулы үшін күрес қана емес. Қазақстандық спортшы әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілу мүмкіндігін де сақтап отыр. Сондықтан турнирдегі әрбір келесі матч оның маусымдағы басты мақсаттарының біріне тікелей әсер етуі мүмкін.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie