«Орасан зор жетістік»: әлемдік БАҚ Елена Рыбакинаның тарихи жеңісіне үн қатты
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаның АҚШ ашық чемпионатындағы тарихи жетістігі шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқыланды. Қазақстандық теннисші Қытай өкілі Чжэн Циньвэньді 3:6, 6:1, 6:4 есебімен жеңіп, мансабында алғаш рет WTA рейтингінде бірінші орынға көтерілді және US Open турнирінің жартылай финалына шықты.
Reuters агенттігі Рыбакинаның әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілуін басты назарға алды. Агенттік қазақстандық теннисшінің алғаш рет №1 атанғанын, сондай-ақ алғашқы сетте жеңіліп жатып, матчта камбэк жасағанын атап өтті. Сонымен қатар Reuters Рыбакинаның US Open алдындағы Цинциннатидегі турнирде алған жарақатынан кейінгі жолына да назар аударды.
The Guardian Рыбакинаның жетістігін мансабындағы алғашқы тарихи нәтиже деп атап, рейтингтің жоғарғы бөлігіндегі өзгеріске тоқталды. Басылым қазақстандық теннисшінің 99 апта қатарынан бірінші орынды иеленген Арина Соболенконы алмастырғанын жазды. Сондай-ақ Рыбакина WTA тарихында рейтинг көшін бастаған 30-шы теннисші атанғанын атап өтті.
«Чжэннің соңғы әлсіз соққысы торға түскен сәтте Рыбакина мансабындағы маңызды жеңісін өзіне тән сабырлы мәнермен атап өтті. Ол жүзіндегі эмоциясын аса өзгертпей, жұдырығын жай ғана түйді. Бұл – оған болашақ жұлдыз мәртебесін сөзсіз қамтамасыз ететін орасан зор жетістік. Дегенмен осы аптадағы негізгі мақсат – US Open турниріндегі алғашқы титулын жеңіп алу – әлі орындалған жоқ. Бірінші орын үшін қысымды осындай әсерлі түрде еңсергеннен кейін оны жеңу одан да қиын болмақ», – деп жазды басылым.
Die Welt басылымы Рыбакинаның рейтинг көшіне көтерілу фактісіне назар аударды. Неміс басылымы US Open жартылай финалы қазақстандық теннисшіге әлемдік рейтингте бірінші орынды қамтамасыз еткенін, ал Чжэнді жеңуі осы жетістік үшін шешуші болғанын атап өтті.
Испанияның Marca газеті үздік теннисшілердің рейтинг көшіне шығу мүмкіндіктеріне қатысты математикалық есептерді еске салды.
«Рыбакина әдеттегідей сабырлы қалпын сақтай отырып, қарсыласынан қалып қойған есесін біртіндеп қысқартты. Цинциннатиде алған өкше жарақатына қатысты күмәндер, тіпті оның маусымдағы төртінші "Үлкен дулыға" турниріне қатысуына кедергі келтіруі мүмкін болған жағдай енді артта қалды. Еленаның 8681 ұпайы оны Соболенко, Джессика Пегула және Коко Гауфф үшін қолжетімсіз етті. Үшеуінің де Нью-Йорктен рейтинг көшбасшысы ретінде кетуге математикалық мүмкіндігі болған», – деп жазды басылым.
Испанияның AS басылымы да бұл жетістіктің тарихи сипатына тоқталды. Басылым Чжэнді жеңгеннен кейін Рыбакинаның бірінші орын үшін бірнеше жылға созылған күресті өз пайдасына шешкенін және енді үшінші «Үлкен дулыға» титулын жеңіп алуға назар аудара алатынын атап өтті.
El País басылымы Рыбакинаның жетістігіне ерекше назар аударды. Испан газеті қазақстандық теннисшіні әйелдер теннисіндегі медиаға көбірек танымал жұлдыздарға қарама-қарсы қойып, оның әлемдік рейтингтің шыңына жету жолын ерекше деп бағалады. Басылым Рыбакинаның сабырлы әрі көпшілікке ашыла бермейтін мінезіне, сондай-ақ ең алдымен спорттық нәтижеге бағытталғанына назар аударды.
Осылайша, шетелдік БАҚ өкілдерінің басым бөлігі бір мәселеде ортақ пікірге келді: Рыбакина US Open турнирінің жартылай финалына ғана шығып қойған жоқ, сонымен қатар мансабында алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Көптеген басылым оның Чжэнмен болған кездесудегі камбэгін және жарақаттар мен формасының төмендеуіне байланысты қиын кезеңнен кейін рейтингтің шыңына қайта оралғанын да ерекше атап өтті.
US Open турнирінің жартылай финалында Рыбакина америкалық Коко Гауффпен кездеседі. Бұл қазақстандық теннисшінің Нью-Йорктегі «Үлкен дулыға» турниріндегі мансабындағы алғашқы жартылай финалы болмақ.