«Нағыз шайқас»: Рыбакина US Open турниріндегі Гауффпен матчын бағалады
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина US Open-2026 турнирінің жартылай финалында америкалық Коко Гауффты жеңгеннен кейін өз эмоциясымен бөлісті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Екінші және төртінші ракеткалар арасындағы матч Рыбакинаның жеңісімен аяқталды. Қазақстандық теннисші алғашқы сетте жеңіліп қалғанымен, кейін қатарынан екі партияда басым түсті — 3:6, 6:4, 6:4.
Кездесуден кейін Рыбакина қобалжығанын мойындап, Гауффқа қарсы ойнаудың қиын екенін атап өтті. Еленаның айтуынша, оған күреске дайындалып, позитивті көңіл күйді сақтауға тура келген.
«Әрине, қобалжыдым. Коко — керемет теннисші, оған қарсы ойнау әрдайым қиын. Кейде оның бірінші добы өтпей қалса да, екіншісі соншалықты мықты болғандықтан, доп алмасу кезінде бастаманы өз қолыңа алу қиын. Мен терең тыныс алып, өзімді позитивті көңіл күйге келтіруге тырыстым және өзіме күресуім керек екенін, жақсы теннис көрсетуге тырысуым қажет екенін айттым», — деді Елена ойыннан кейін.
Оның айтуынша, үшінші сет өте шиеленісті өткен.
«Меніңше, оның добында маған сәл сәттілік болды: бірнеше терең қабылдау, оның бір қателігі — және бәрі тез арада менің пайдама шешілді. Сіздер Коконың жеңісін қалағандарыңызды білемін. Меніңше, бұл нағыз шайқас болды. Бірнеше эпизод менің пайдама шешілді. Соңында мен тек назарымды сақтап, агрессивті ойнауды жалғастыруға тырыстым және қалай болғанда да осы матчта жеңіске жеттім», — деп қосты ол.
Жартылай финалға шығуының арқасында Рыбакина US Open қорытындысы бойынша жаңартылған WTA рейтингінде бірінші орынға шығатынына кепілдік берді. Қазақстандық теннисші 99 апта бойы бірінші орында тұрған Арина Соболенкодан әлемдік рейтингтің көшін тартып алады.
Енді Рыбакина мен Соболенко US Open-2026 финалында кездеседі.