locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Маған бәрібір»: Соболенко Рыбакинамен рейтингтегі бәсекесі туралы пікір білдірді

Беларусь өкілі ширек финалда Чехия теннисшісі Линда Носковадан басым түсті
ФОТО: Getty Images

Әлемнің бірінші ракеткасы, Беларусь теннисшісі Арина Соболенко US Open турнирін қайтадан жеңіп алса, Елена Рыбакина рейтингте өзінен озып кетсе де, бұған қуанышты болатынын айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.

«Үлкен дулыға» турнирлерінің төрт дүркін чемпионы, әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенко Қазақстан теннисшісі Елена Рыбакина әлемдік рейтингті басқарып, ал өзі US Open-нің үшінші титулын жеңіп алған жағдайда бұған қалай қарайтыны туралы сұраққа жауап берді.

«Мен бәрібір қатты қуанар едім. Қалай болғанда да, маған бәрібір. Әрине, қатарынан үшінші титул керемет естілетіні анық», – деді Соболенко баспасөз мәслихатында.

Ширек финалда Беларусь теннисшісі Чехия өкілі Линда Носковадан (рейтингте алтыншы орында) 7:6 (7:1), 3:6, 7:6 (10:7) есебімен басым түсті.

Рыбакина алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атануы мүмкін

Елена Рыбакина US Open-2026 қорытындысы бойынша мансабында алғаш рет WTA әлемдік рейтингінің көшін бастауға нақты мүмкіндікке ие.

Турнир басталар алдында Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) рейтингтегі ықтимал жағдайларды жариялаған болатын. Оған сәйкес, қазақстандық теннисші басқа қатысушылардың нәтижесіне қарамастан жартылай финалға шықса, әлемдік рейтингте бірінші орынға көтеріледі.

Сонымен қатар ширек финалда жеңілу де Рыбакинаның бірінші орынға таласу мүмкіндігін жоймайды. Мұндай жағдайда оған US Open турнирінде үш теннисшінің бірінің жеңісі ғана кедергі болуы мүмкін. Олар – қазіргі әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенко және америкалықтар Джессика Пегула мен Коко Гауфф. Үшеуі де ширек финалға шықты.

Егер Рыбакина WTA рейтингінің шыңына көтерілсе, ол әлемдік теннистің рейтингінде бірінші орынға шыққан Қазақстанның алғашқы өкілі атанады.

Арсен Алиев
Редактор
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie