Әлемнің бірінші ракеткасы болған: Рыбакинаның US Open-2026 турниріндегі қарсыласы туралы не белгілі
Елена Рыбакина US Open-2026 турниріндегі жарысын жалғастырып жатыр. Юлия Стародубцеваны жеңгеннен кейін қазақстандық теннисші 1/8 финалға шығып, енді турнирдегі ең атақты қарсыластарының бірі - жапониялық Наоми Осакамен кездеседі, деп хабарлайды Sports24.kz.
Осака WTA рейтингінде 13-орында тұр және US Open турнирінде 13-нөмірмен өнер көрсетіп жатыр. 28 жастағы жапониялық теннисші бұған дейін әлемдік рейтингтің көшін бастаған. Оның еншісінде WTA турнирлеріндегі жеті титул және «Үлкен дулыға» санатындағы төрт жеңіс бар.
Осака әсіресе хард жабындысында қауіпті. Ол «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі төрт титулының барлығын дәл осы жабындыда жеңіп алған. Жапониялық теннисші US Open турнирінде 2018 және 2020 жылдары топ жарса, Australian Open жарысында 2019 және 2021 жылдары чемпион атанды. АҚШ ашық чемпионатында ол 30 матчта жеңіске жетіп, жеті рет жеңілген.
Соңғы жылдары Осака мансабындағы үзілістен кейін бұрынғы деңгейіне қайта жақындап келеді. 2023 жылдың шілдесінде қызы Шайды дүниеге әкелген ол кейін үлкен тенниске оралды. Биыл жапониялық спортшы қайтадан үздіктер қатарына енді. US Open басталғанға дейін оның маусымдық көрсеткіші 25 жеңіс пен 10 жеңілісті құрады, ал WTA рейтингінде 13-орынға дейін көтерілді.
2026 жылғы маусым Осака үшін бірқалыпты өтіп жатыр. Ол «Ролан Гаррос» турнирінде 1/8 финалға дейін жетсе, Уимблдонда мансабында алғаш рет ширек финалға шықты. Сонымен қатар Бад-Хомбургтегі турнирдің финалында өнер көрсетті.
Биылғы US Open турнирінде Осака үш матч өткізіп үлгерді. Бірінші айналымда ол Анастасия Захарованы 7:6 (8:6), 7:6 (7:3) есебімен жеңді. Кейін Катержина Синяковадан 6:2, 5:7, 6:1 есебімен басым түсті. Үшінші айналымда Элизе Мертенске қарсы үш сетке созылған тартысты матчта 6:3, 3:6, 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Соңғы кездесу Осака үшін оңай болған жоқ. Мертенспен матч барысында жапониялық теннисшіні ахилл сіңіріндегі мәселе мазалады. Бұл жарақат оны маусымның шөп кортындағы бөлігінен бері алаңдатып келеді. Үшінші сетте Осакаға медициналық көмек қажет болды. Соған қарамастан, үзілістен кейін ол ойынды өз пайдасына бұрып, кездесуді жеңіспен аяқтай алды.
Физикалық жайсыздыққа қарамастан, Осака өте қауіпті қарсылас болып қала береді. Оның ойыны қуатты алғашқы доп беру, артқы сызықтағы агрессия және ұпайды мүмкіндігінше қысқа уақытта аяқтауға ұмтылысқа негізделген. Нью-Йорктің жылдам харды мұндай стильге жақсы сәйкес келеді. Бұған оның US Open турниріндегі екі чемпиондығы да дәлел.
Рыбакина Осакаға қарсы қалай жеңіске жетуге болатынын біледі. Теннисшілер бұған дейін бір-ақ рет кездескен. Бұл матч 2026 жылдың тамызында Торонто турнирінің ширек финалында өтті. Сол кезде Осака алғашқы сетте жеңіске жеткенімен, Елена кездесудің барысын өзгертіп, 4:6, 7:6 (7:5), 6:4 есебімен жеңді. Осылайша, жеке кездесулерде Рыбакина 1:0 есебімен алда тұр.
Сол матчта Рыбакина 15 эйс жасап, екі жарым сағаттан астам уақытқа созылған ауыр кездесуді өз пайдасына шешті. Қарсыластар арасындағы айырмашылық өте аз болды - геймдер есебі бойынша қазақстандық теннисші небәрі 17:16 есебімен басым түсті.
Енді Рыбакина мен Осака алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінде кездеседі. Жеңіске жеткен жағдайда Елена мансабында алғаш рет US Open ширек финалына шығады. Ал Осака Нью-Йорктегі үшінші чемпиондығына және «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі бесінші титулына тағы бір қадам жақындайды.
Матчқа қосымша маңыз беретін тағы бір жайт - Рыбакинаның WTA рейтингіндегі бірінші орын үшін күресі. Қазақстандық теннисші турнирде әрі қарай жылжуын жалғастыруы керек, сондықтан Осакамен кездесу Елена үшін биылғы US Open-дегі ең маңызды матчтардың біріне айналмақ.