Коко Гауфф кім және ол US Open-2026 жартылай финалы алдында Рыбакинаға несімен қауіпті?
US Open-2026 жартылай финалында Елена Рыбакинаны әйелдер турында ең қауіпті қарсыластардың бірі - 22 жастағы америкалық Коко Гауфф күтіп тұр. Қазір ол WTA рейтингінде төртінші орында, ал мансабындағы ең жоғары көрсеткіші - екінші саты.
Sports24.kz Рыбакинаның қарсыласы Коко Гауфф туралы басты мәліметтерді жинады: оның жетістіктері, қазіргі формасы, жеке кездесулер статистикасы және америкалық теннисшінің қазақстандыққа несімен қауіпті екені.
Гауфф «Үлкен дулыға» турнирлерін екі рет жеңіп алды. Алғашқы титулын дәл Нью-Йоркте - US Open-2023 турнирінде иеленсе, 2025 жылы «Ролан Гаррос» чемпионы атанды. Бұдан бөлек, 2024 жылы WTA қорытынды турнирінде жеңіске жетті. Сондықтан ірі жарыстардың шешуші кезеңдері оған жақсы таныс.
2026 жылы Гауфф ұзақ уақыт титулсыз жүрді, бірақ US Open қарсаңында жақсы форма жинады. Тамыз айында ол Цинциннати турнирінде жеңіске жетіп, маусымдағы алғашқы титулын алды. Қазіргі таңда америкалықтың 2026 жылғы көрсеткіші - 40 жеңіс және 13 жеңіліс.
Биылғы US Open-де де Гауфф сенімді ойнап келеді. Ширек финалға дейін қарсыластарына бірде-бір сет бермеді. Ең қиын матч Мирра Андрееваға қарсы өтті: Гауфф алғашқы партияны 2:6 есебімен ұтылып, екінші сетте жарыстан шығып қалуға шақ қалды. Алайда екі матчболды қайтарып, кездесуді 2:6, 7:6, 6:2 есебімен өз пайдасына аяқтады. Оның жеңісті сериясы 10 матчқа жетті.
Гауфф Рыбакинаға несімен қауіпті?
Гауффтың басты қаруы - қозғалысы мен қорғанысы. Ол жеңіліп тұрғандай көрінетін доптарды да қайтара алады және қарсыласын бір ұпай үшін бірнеше қосымша соққы жасауға мәжбүрлейді. Рыбакинаның қуатты шабуылына қарсы бұл маңызды фактор болады: Елена тек виннер іздеп қана қоймай, ұзақ розыгрыштарда да сабыр сақтауы керек.
Коконың тағы бір мықты жағы - психологиялық тұрақтылық. Андрееваға қарсы ширек финал соны көрсетті. 12 қос қате мен 42 мәжбүрсіз қатеге қарамастан, Гауфф матчтан шықпай, екі матчболды қайтарып, ойынды толық өзгертті.
Сонымен қатар оның сервисінде Рыбакина пайдалана алатын әлсіз тұстар бар. Егер Гауфф екінші допта тағы да көп қате жіберсе, Еленаның агрессивті қабылдауы америкалыққа үлкен қиындық тудыруы мүмкін.

Рыбакина оны биыл жеңіп үлгерді
Елена үшін маңызды артықшылықтың бірі - Гауффты осы маусымда жеңіп қойғаны. Тамыз айында олар Торонто турнирінің жартылай финалында кездесіп, Рыбакина алғашқы сетті 5:7 есебімен бергенімен, кейін ойынды өзгертіп, келесі екі партияны 6:2, 6:2 есебімен ұтты.
Сама Гауфф та алдағы матчтың оңай болмайтынын түсінеді. Кездесу алдында ол Рыбакинаның қуатты сервисі мен қатты соққыларын атап өтіп, эйстер мен виннерлерге дайын болатынын айтты. Бірақ әр доп үшін күресуге ниетті екенін де жеткізді.
Ал Рыбакина US Open-де сервис жағынан өте сенімді көрсеткіш көрсетіп келеді: ол өз сервис-геймдерінің 92 пайызын ұстап қалып, сервис кезіндегі ұпайлардың 70 пайызын жеңіп жүр. Бұл - әйелдер сеткасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Осылайша, жартылай финалда турнирдегі ең мықты сервистердің бірі мен әлемдегі ең жақсы қорғаныс ойындарының бірі кездеседі.
Рыбакина US Open-дегі алғашқы финалы үшін 11 қыркүйек таңында кортқа шығады. Оның қарсыласы - әлемнің төртінші ракеткасы Коко Гауфф. Матч Астана уақытымен 05:30-дан ерте басталмайды.