locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Бублик неге Таиландқа қарсы ойнамайды: Досқараев ұлттық құраманың сапын таңдауға қатысты түсініктеме берді

Соңғы уақытта құрама сапында сирек ойнаған теннисшілерге көбірек ойын тәжірибесін беру туралы шешім қабылданды
Бублик неге Таиландқа қарсы ойнамайды: Досқараев ұлттық құраманың сапын таңдауға қатысты түсініктеме берді
Бублик неге Таиландқа қарсы ойнамайды: Досқараев ұлттық құраманың сапын таңдауға қатысты түсініктеме берді

Қазақстан ерлер құрамасының теннистен капитаны Диас Досқараев Дэвис кубогының әлемдік екінші тобы аясында Таиланд құрамасына қарсы өтетін алдағы матчқа ұлттық құраманың сапын таңдауға қатысты пікір білдіріп, Александр Бубликтің неге өтінімге енбегенін түсіндірді.

Қазақстан құрамасының сапына бес теннисші енді:

  • Александр Шевченко;
  • Денис Евсеев;
  • Тимофей Скатов;
  • Бейбит Жұқаев;
  • Амир Омарханов.

Диас Досқараевтың айтуынша, құраманы жасақтау кезінде бапкерлер штабы алдағы матчта қажетті нәтижеге қол жеткізу міндетін ғана емес, ұлттық құраманың ұзақ мерзімді мүддесін де ескерген. Атап айтқанда, соңғы уақытта құрама сапында сирек ойнаған теннисшілерге көбірек ойын тәжірибесін беру, сондай-ақ жас ойыншыларды ұлттық командаға біртіндеп тарту туралы шешім қабылданған.

«Құраманы жасақтау кезінде бірнеше факторды ескердік. Әрине, алдымызда алдағы матчта жеңіске жету міндеті тұр және біз Таиланд құрамасына қарсы кездесуге өте жауапкершілікпен қараймыз. Сонымен қатар мұндай матчтарды құраманы кеңейту және басқа теннисшілерге ойын тәжірибесін беру үшін пайдалану маңызды деп санаймыз. Сондықтан бұл жолы Александр Бубликсіз ойнауға мүмкіндік беруді шештік. Александр ұлттық құрамамыздың көшбасшыларының бірі болып қала береді, ал оның бұл кездесуге қатыспауы басқа ойыншыларды сапқа қосып, команданың құрамын біртіндеп тереңдету туралы шешімімізге байланысты.

Атап айтқанда, Тимофей Скатовқа көбірек мүмкіндік бергіміз келеді. Ол ұзақ уақыт бойы ұлттық құрама сапында жекелей кездесулер өткізген жоқ. Бұл матчқа дайындық кезінде алаң жабынын таңдауда оның ойын ерекшеліктерін де ескердік.

Біз үшін тағы бір маңызды бағыт – жас теннисшілерді ұлттық құрамаға біртіндеп тарту. Құрамда Амир Омарханов бар. Ол Дэвис кубогының матчтарында тәжірибе жинап, ұлттық құраманың нәтижесі үшін жауапкершілікті сезінуі қажет. Таиланд сияқты қарсыластармен өтетін кездесулер оған мұндай мүмкіндік береді. Тайланд құрамасында тәжірибелі әрі қауіпті теннисшілер бар, сондықтан қарсыласты бағаламауға болмайды. Сонымен бірге мұндай матчтар жас спортшыларға ойын уақытын беріп, оларды болашақта жоғары деңгейдегі кездесулерге дайындауға мүмкіндік береді.

Біз сондай-ақ Зангар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай және Даниал Рахматуллаевтың кандидатураларын қарастырдық. Олар бапкерлер штабының назарында және біз оларды ұлттық құрамаға біртіндеп тартқымыз келеді. Алайда бұл жолы жекелеген теннисшілердің жарақатына және өтінімдегі ойыншылар санына қойылған шектеуге байланысты барлығын құрамға қоса алмадық. Біздің міндетіміз – бір ғана матчқа емес, болашаққа да бәсекеге қабілетті ұлттық құрама қалыптастыру», — деді Диас Досқараев.

Қазақстан – Таиланд матчы 2026 жылғы 18–19 қыркүйекте Астанадағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығының хард жабынында өтеді.

Қарсыласын жеңген команда 2027 жылғы Дэвис кубогының әлемдік бірінші тобының плей-офф кезеңінде өнер көрсету құқығына ие болады.

Турнирлердің бірде-бірін жіберіп алмау үшін Beeline-нан үй интернетін 24 сағат ішінде тиімді бағамен қосыңыз.

«Әр сағат сайын A'SU ішіңіз».

Арсен Алиев
Редактор
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie