Бублик – Медведев: Almaty Open – 2026 турнирінің жартылай финалын онлайн көру
Сенбі, 24 қазанда Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик ATP 250 санатындағы Almaty Open – 2026 турнирінің жартылай финалдық кездесуін өткізеді. Оның қарсыласы әлемдік рейтингте бесінші орында тұрған ресейлік теннисші Даниил Медведев болады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Александр Бублик пен Даниил Медведев арасындағы жартылай финалдық кездесу «Алматы Арена» орталық кортында өтеді. Матч Қазақстан уақытымен 18:00-ден ерте басталмайды. Ойынның тікелей трансляциясын Sport+ телеарнасынан көруге болады.
Бублик бұл тартысқа әлемнің 19-ракеткасы мәртебесінде келеді, ал Медведев ATP рейтингінде бесінші орында тұр. Кездесуде жеңіске жеткен теннисші 25 қазанда аяқталатын үй турнирінің финалына жолдама алады.
Қазақстандық теннисші жартылай финалға ресейлік Карен Хачановпен болған тартысты ширек финалдық кездесуден кейін шықты. Бірінші партияда 4:6 есебімен жеңіліп қалған Бублик ойын барысын өзгертіп, келесі екі сетте тай-брейкте жеңіске жетті — 7:6, 7:6. Кездесу екі жарым сағатқа жуық уақытқа созылды.
Ал Медведев ширек финалдық кезеңнен сенімді өтіп, француз Терранс Атманды екі сетте — 6:4, 6:4 есебімен жеңді. Бұған дейін ресейлік теннисші жапониялық Сё Симабукуромен кездесуде де айтарлықтай қиындыққа тап болмай, 6:2, 6:1 есебімен басым түскен еді.
Алдағы матч Бублик пен Медведев арасындағы тоғызыншы жеке кездесу болады. Статистика ресейліктің пайдасына: ол бұған дейінгі сегіз кездесудің жетеуінде жеңіске жеткен. Дегенмен теннисшілердің соңғы кездесуі қазақстандықтың жеңісімен аяқталды. 2025 жылы Галледе өткен ATP 500 турнирінің финалында Бублик Медведевтен 6:3, 7:6 есебімен басым түсті.
Еске салайық, Даниил Медведев — Almaty Open турнирінің қазіргі чемпионы. 2025 жылы ресейлік теннисші финалда француз Корентен Мутені жеңіп, чемпиондық атақты иеленді. Енді ол Қазақстан теннисінің көшбасшысымен кездесуде титулын қорғауы тиіс, ал Бублик өз алаңындағы турнирдің финалына алғаш рет шығуды көздейді