«Бәріміз де түнқұспыз». Бублик Медведевпен тартыс алдында отбасының ерекше құпиясын ашты
Қазақстандық теннисші Александр Бублик ATP 250 санатындағы үйдегі Almaty Open – 2026 турнирінің жартылай финалына шыққаннан кейін күн тәртібінің ерекшеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстанның бірінші ракеткасы кеш жатуды және түске жақын оянуды ұнататынын мойындады. Спортшының айтуынша, мұндай күн тәртібі тек өзіне ғана емес, отбасы мүшелеріне де тән.
«Турнирлер маған түсіністік танытып, матчтарды кешке қойғанын ұнатамын, өйткені түнгі сағат екіге дейін ұйықтамау мен үшін өте қиын. Кішкентай балам бар – бақытыма қарай, оған менің гендерім берілген, ол да 12-ге дейін ұйықтайды. Сондықтан бұл мен үшін қалыпты жағдай», – деді Бублик.
Теннисші Даниил Медведевпен өтетін маңызды матчқа дейін уақытын қалай өткізетінін де айтып берді. Қазақстандық жартылай финалдық тартыс үшін де қалыптасқан тәртібін өзгертпек емес.
«Қазір менің кешкі ас ішетін уақытым – күн сайын шамамен кешкі тоғыздан он бірге дейін тамақтанамын, біздің отбасымызда осылай қалыптасқан. Қонақүйге ораламын, жеңіл тамақтанып аламын, отбасыммен сөйлесемін – ешкім әлі ұйықтамайды, бәріміз де түнқұспыз. Ертең шамамен сағат 12–13-те оянып, кортқа барамын», – деп қосты спортшы.
Еске салайық, Бублик ресейлік Карен Хачановты жеңіп, Almaty Open турнирінің жартылай финалына жолдама алды. Қазақстандық алғашқы партияда 4:6 есебімен жеңіліп қалғанымен, кейінгі екі сетте тай-брейкте жеңіске жетті – 7:6, 7:6.
Үйдегі турнирдің финалына шығу жолында Бублик ширек финалда француз Теренс Атманды 6:4, 6:4 есебімен жеңген Даниил Медведевпен кездеседі.
Жартылай финалдық кездесу 24 қазанда «Алматы Арена» корттарында өтеді.