Бублик АҚШ ашық чемпионатында қарсыласын ойсырата жеңіп, үшінші айналымға шықты: видео
Әлемнің 16-ракеткасы, қазақстандық Александр Бублик US Open-2026 турнирінің үшінші айналымына жолдама алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Екінші айналымда ол әлемнің 67-ракеткасы, француз Адриан Маннариноны 6:3, 6:1, 6:1 есебімен ойсырата жеңді.
Теннисшілер кортта 1 сағат 22 минут өткізді. Матч толықтай Александр Бубликтің бақылауында өтті. Қазақстандық теннисші әсіресе өз добын берген сәттерде сенімді ойнады.
Бублик 16 эйс жасап, үш рет қосарланған қателік жіберді. Ал Адриан Маннарино бір ғана эйс орындады. Қазақстандық теннисші бірінші допты 73 пайыз жағдайда ойынға қосып, алғашқы доптан кейінгі 45 ұпайдың 41-ін жеңіп алды. Бұл – 91 пайыздық көрсеткіш. Маннариноның бұл көрсеткіші 53 пайыз болды.
Бублик доп қабылдау кезінде де басымдық танытты. Ол Маннариноның добын қабылдау кезіндегі 64 ұпайдың 32-сінде жеңіске жетіп, 14 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Француз теннисшісі брейк жасауға бір ғана мүмкіндік алды, алайда оны жүзеге асыра алмады.
Келесі айналымда Бублик Дино Прижмич (Хорватия) – Томми Пол (АҚШ) жұбының жеңімпазымен кездеседі.
US Open-2026 турнирі 30 тамыз бен 13 қыркүйек аралығында өтеді. Турнирдің қазіргі чемпионы – испаниялық Карлос Алькарас. Ол өткен жылғы финалда италиялық Янник Синнерді жеңген болатын.