«Бұл - ғаламат емес». Бублик ATP Қорытынды турнирі туралы қалыптасқан мифті жоққа шығарды
Қазақстандық теннисші Александр Бублик мансабындағы ең үздік маусымын өткізіп, жылды әлемдік рейтингтің 11-сатысында аяқтады. Маусым қорытындысы ретінде ол Туринде өткен ATP Қорытынды турниріне резервтегі ойыншы мәртебесінде қатысып, алған әсерімен бөлісті.
Қараша айында Бублик Италияға алғашқы қосалқы ойыншы ретінде аттанды. Ол дебютке бір табан ғана жақын болды, алайда кортқа шығу мүмкіндігі бұйырмады. Соған қарамастан, бұл тәжірибе теннисшінің өзі үшін маңызды белеске айналды.
«Бұл – жағымды тәжірибе болды. Иә, ойнау мүмкін болмады, бірақ бір нәрсені анық түсіндім: егер мақсат қойып, соған қарай жүйелі түрде жүрсең, бұрын қолжетпес көрінген дүниелер бір сәтте-ақ қасыңнан табылады. Мен тоғызыншы болдым, алғашқы резерв атандым. Ендеше, келесі жолы ол турнирге толыққанды қатысып көруге неге болмасқа?» – деді Бублик.
Ұйымдастыру деңгейіне қатысты Александр Қорытынды турнирді «ерекше бір ғажайып» деп қабылдамағанын жасырмады.
«Оны «Үлкен дулыға», «Мастерс» немесе ATP 500 турнирлерінен қатты ерекшеленеді деп айта алмаймын. Ойыншылар саны аз, назар көбірек – бірақ жалпы алғанда, бұл да басқа турнирлер секілді жарыс».
Матч өткізбесе де, Туринге сапар қаржылық тұрғыдан тиімді болды. Дереккөздердің мәліметінше, Бублик қосалқы ойыншы мәртебесі үшін шамамен 82 миллионю теңге табыс тапты.
Айта кетейік, 2025 жыл Александр Бублик үшін мансабындағы ең табысты кезең ретінде тіркелді.