Қазақстандық теннисші US Open-2026 турнирінен шығып қалды: не болды?
Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева US Open-2026 турниріндегі өнерін аяқтады. Жекелей сындағы жеңілістен кейін ол италиялық Элизабетта Коччареттомен бірге жұптық бәсекеден де бас тартты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бірінші айналымда Путинцева мен Коччаретто америкалық-аустралиялық Кимберли Биррелл мен Пейтон Стернс жұбына қарсы ойнауы тиіс болған. Алайда қазақстандық және италиялық теннисшілер кортқа шықпай, жарыстан бас тартты.
Олардың орнына турнир кестесіне жапониялық Эна Сибахара мен Таиланд өкілі Ланлана Тараруди кірді. Жаңа жұп мүмкіндігін тиімді пайдаланып, Биррелл мен Стернсті үш сетте - 3:6, 6:2, 6:3 есебімен жеңіп, екінші айналымға жолдама алды.
Путинцева мен Коччареттоның жарыстан не себепті бас тартқаны жарияланған ақпаратта нақтыланбады.
Бұған дейін Путинцева US Open-ның жекелей сынында да жарысты аяқтаған еді. Екінші айналымда қазақстандық теннисші қытайлық Чжэн Циньвэньге 4:6, 6:2, 1:6 есебімен жол берді.
Осылайша, Путинцеваның биылғы US Open турниріндегі жолы жекелей сында екінші айналымда аяқталса, жұптық бәсекеде ол бірде-бір матч өткізе алмады.