Қазақстандағы теннис турнирі әлемдік ұйымнан жоғары баға алды
2020 жылдан бері Алматыда әлемдік ATP 250 сериясына енген ашық теннис чемпионаты өткізіліп келеді. Өткен турнир Даниил Медведевтің жеңісімен аяқталды және әлемдік ұйым тарапынан жоғары бағаланды.
2025 жылғы Алматы ашық чемпионаты ATP ұйымының «Standards of Excellence» марапатына ие болды, бұл турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын дәлелдейді. Турнирдің ұйымдастыру комитетінің басшысы әрі Қазақстан теннис федерациясы вице-президенті Юрий Польский бұл марапатқа қуанышты екенін жеткізді, алайда жеткен жетістікпен шектелмек емес.
«ATP-дан осындай жоғары марапатты алғаш рет алып отырмыз. Бұл жетістік – біздің ойыншылар мен жанкүйерлерге үздік спорттық әсер сыйлауға деген тұрақты ұмтылысымыздың айғағы», — деді Польский, деп хабарлайды kft.kz.
Сонымен қатар, функционер турнирдің мәртебесін «Мастерс» турнирлерінен кейінгі ең беделді ATP 500 дәрежесіне көтеру мақсат екенін атап өтті.