Медведев Almaty Open турнирінің чемпионы атанып, 2023 жылдан бергі алғашқы титулын жеңіп алды
18 қазанда Алматыда хард кортта өткен ATP-250 Almaty Open турнирінің финалы өз мәресіне жетті. Бұл жарыс – Қазақстандағы күздің басты теннис оқиғасына айналып, жанкүйерлерге жоғары деңгейлі спорт мерекесін сыйлады.
Шешуші кездесуде әлемнің 14-ракеткасы Даниил Медведев пен француз Корентен Муте (ATP рейтингінде 41-орын) жолықты. 2 сағат 38 минутқа созылған тартысты матч нағыз теннис спектакліне айналды.
Күшті қарсыластар текетіресінде Медведев шеберлік танытып, 7:5, 4:6, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Бұл нәтижемен ол финалдардағы алты бірдей сәтсіздіктер сериясын тоқтатты.
ATP 250 Almaty Open. Финал
Даниил Медведев (Ресей, 2) - Корентен Муте (Франция, 5) - 7:5, 4:6, 6:3
Бұл Медведевтің мансабындағы 21-ші титулы және 2023 жылдың мамырынан бергі алғашқы жеңісі болды. Чемпион 250 рейтингтік ұпай мен 160 550 АҚШ доллары көлемінде жүлде ақысын иеленді.