Андрей Рублев Янник Синнердің турнирге қайта оралуы туралы пікір білдірді
Әлемдік рейтингте 17-орында тұрған ресейлік теннисші Андрей Рублев допингке байланысты үш айға шеттетілгеннен кейін жарысқа қайта оралған италиялық Янник Синнер жайлы пікір білдірді.
– Бүгін Синнер кортқа қайта оралады. Қалай ойлайсың, бұл жағдайды әріптес ретінде қалай қабылдадың?
Ол мұнда — бұл керемет қой. Ол Италия үшін – нағыз қаһарман. Оның туған еліндегі «Мастерс» турниріне дәл осы сәтте қайта оралуы – үлкен оқиға. Турнирге назар аударатындар көп болады, ал бұл — ойыншылар үшін өте маңызды.
– Рейтингте бірінші орынды сақтап қалғанына таңғалдың ба?
Шынымды айтсам, бұл мені аса толғандырмайды. Жақсы мағынада айтып тұрмын. Бұл – оның мәселесі. Қуансын, таңғалсын – өзі шешеді. Немесе оны басып озғысы келгендер таңғалып жатқан болар. Мен сыртта қарап тұрмын, – деді Рублев «Больше!» бағдарламасына берген сұхбатында.
Синнер мен Рублев Римде өтетін «Мастерс» турниріне қатысады. Синнер келесі кезеңде Мариано Навоне мен Федерико Чина арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды. Ал Рублев Фабиан Марожан мен Жоао Фонсека арасындағы матчта жеңіске жеткен ойыншымен кездеседі.
Теннисшілердің кәсіби қауымдастығы (ATP) мамыр айының басындағы жаңартылған рейтингін ұсынды.