ATP жаңартылған рейтингті жариялады: Бублик пен Шевченко позицияларын жоғалтты
Теннисшілердің кәсіби қауымдастығы (ATP) мамыр айының басындағы жаңартылған рейтингін ұсынды. Әлемдік рейтингте көш басында италиялық Янник Синнер тұр. Екінші орында - Германия өкілі Александр Зверев, ал үздік үштікті испаниялық Карлос Алькарас түйіндеді.
Қазақстандық теннисшілер арасындағы көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Александр Бублик бір саты төмен түсіп, қазіргі уақытта 76-орында тұр. Александр Шевченко бірден бес орынға төмендеп, 97-сатыға тұрақтады.
Жүздіктен тыс орналасқан қазақстандықтар да рейтингте төмен сырғыды. Дмитрий Попко сегіз саты жоғалтып, 163-орынға, Михаил Кукушкин үш орынға төмендеп, 165-сатыға, ал Тимофей Скатов тоғыз саты жоғалтып, 181-орынға жайғасты.
Жұптық санатта ел намысын қорғап жүрген Александр Недовесов те рейтингте төмендеді - ол қазіргі уақытта 121-орында (–12). Ал Бублик жұптық сында сәл де болса ілгеріледі - ол 127-сатыға көтерілді (+2).
Бұған дейін WTA рейтингінде қазақстандық теннисшілердің де жаңартылған позициялары жарияланған болатын.