Қазақстан құрамасының экс-қақпашысы мансабына қатысты шешім қабылдады
Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы Игорь Шацкий мансабын аяқтауды жоспарлап отырған жоқ және қарағандылық «Шахтер» сапында өнер көрсетуін жалғастырмақ, деп хабарлайды Sports24.kz.
Дереккөздің мәліметінше, 37 жастағы қақпашы биылғы маусымда Қазақстан Премьер-лигасына қайта оралуға көмектескен туған командасында қалады.
Шацкий Бірінші лигада 18 матч өткізіп, оның 14-інде қақпасына гол жібермеді. Осылайша, оның қатысуымен өткен кездесулердің 78 пайызға жуығы қарсыластың голынсыз аяқталған.
Қақпашы «Шахтерге» 2025 жылдың қаңтарында оралды. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 32 матч өткізді.
Шацкий соңғы рет ұлттық құраманың қақпасын 2024 жылғы 13 қазанда Ұлттар лигасының Словенияға қарсы сырт алаңдағы кездесуінде қорғады. Қазақстандықтар 0:1 есебімен жеңілді.
Қарағанды клубы қақпашының болашағына қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.