Александр Бублик Санкт-Петербургтегі турнирде Ресейдің үшінші ракеткасын жеңді
ATP рейтингінде 25-орында тұрған Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Санкт-Петербургте өтіп жатқан «Солтүстік Пальмира трофейлері» көрме командалық турнирі аясында ресейлік теннисші Карен Хачановты (24-орын) жеңді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қарсыластар текетіресі қазақстандық теннисшінің 14:11 (4:4, 4:4, 6:3) есебімен жеңісімен аяқталды. Кездесудің алғашқы екі бөлігі тартысты өтіп, бірдей 4:4 есебімен тәмамдалды. Бублик шешуші басымдыққа матчтың қорытынды бөлігінде қол жеткізіп, оны 6:3 есебімен ұтты. Айта кетейік, Хачанов — Ресейдің үшінші ракеткасы. Әлемдік рейтингте ол тек Даниил Медведевтен (5-орын) және Андрей Рублёвтен (23-орын) қалып тұр.
Санкт-Петербургтегі турнирде Александр Бублик «Арыстандар» командасының намысын қорғайды. Ал Қазақстанның тағы бір өкілі Юлия Путинцева «Сфинкстер» сапында өнер көрсетіп жүр.
«Арыстандар» командасының құрамы:
- Александр Бублик;
- Анастасия Потапова;
- Камилла Рахимова;
- Корентен Муте;
- Дэн Эванс.
«Сфинкстер» командасының құрамы:
- Карен Хачанов;
- Диана Шнайдер;
- Анна Пушкарева;
- Юлия Путинцева;
- Адриан Маннарино.
Еске салайық, «Солтүстік Пальмира трофейлері» — Санкт-Петербургте ATP және WTA өкілдерінің қатысуымен өтетін көрме командалық теннис турнирі. Жарыс көрме сипатында болғандықтан, оның нәтижелері спортшылардың әлемдік рейтингтегі орнына әсер етпейді.