locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Бұл бүкіл команданы жерге қаратады»: Кравец ҚХЛ-дағы жеңілістен кейін «Барыс» ойыншыларын сынады

Астаналық клубтың бас бапкері орынсыз айыптауларға, ойын құрылымының жоқтығына және көптеген қателікке тоқталып, команда қақпашыларының жағдайы туралы да айтты
Хоккей
«Бұл бүкіл команданы жерге қаратады»: Кравец ҚХЛ-дағы жеңілістен кейін «Барыс» ойыншыларын сынады
BARYS TV

Астаналық «Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец ҚХЛ тұрақты чемпионаты аясындағы сырт алаңда өткен матчта нижнекамскілік «Нефтехимиктен» 2:4 есебімен жеңілгеніне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Қазақстандық команда алғашқы кезеңді 2:1 есебімен алда аяқтағанымен, ойынның қалған бөлігінде жауапсыз үш шайба жіберіп алып, қатарынан екі жеңістен тұратын сериясын үзді. Матчтан кейін Кравец қателіктер мен орынсыз айыптаулардың көптігіне наразылық білдіріп, шабуылшы Батырлан Қайыржанның әрекетіне ерекше тоқталды.

«Матчтың қиын болатыны белгілі еді: қарсыласымыз принципті, бір дивизионда ойнаймыз. Жақсы бастадық. Өкінішке қарай, кейін қателіктерге жол беріп, дәлсіздіктер көбейді, ал „Нефтехимик“ жылдамырақ ойнай бастады. Бірақ осындай жағдайда да матчты басқаша өткізуге болатын еді.

Орынсыз айып алуға болмайды. Айыптаудың орындысы да, орынсызы да болады. Мысалы, ойын соңында Қайыржанның айып алуы, меніңше, дұрыс емес — бұл бүкіл команданы жерге қаратады. Сондықтан нәтиже де басқаша болуы мүмкін еді. Әрине, дәл емес пас та, шайбадан айырылу да көп болды, қарсылас қақпасына көбірек соққы жасағанымызбен. Бірақ бүгінгі жағдайда аз соққы жасап, көбірек гол соққан дұрыс еді. Алға жылжимыз, алдымызда сырт алаңдағы тағы бір ойын бар», — деді Кравец.

Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында журналистер бірінші кезеңде Логан Дэй айып алғаннан кейін қазақстандық команданың ойындағы ұйымшылдығын жоғалтқанына да назар аударды.

- Бірінші кезеңде Дэй айып алғаннан кейін жігіттер қорғаныстағы ойын құрылымын түгел бұзып алғандай әсер қалдырды: орталықта, шабуылда, қорғаныста қалай ойнау керегін ұмытқандай. Екі бағытта да шабуыл бірінен соң бірі өтіп жатты, алаңда басқаруға келмейтін хаос орнағандай болды... Осы сәт туралы не айтасыз?

- Менің де байқағаным — олар ары-бері жүгіре берді. Мұнда дәлдік жоқ екені рас. Бұл ойынды қалай талдап, нені қарау керегін де білмеймін. Ойын құрылымы мүлде дерлік болған жоқ.

Астаналық клубтың бапкері хоккейшілердің денсаулығына қатысты сұрақтарға да жауап берді. Атап айтқанда, маман үшінші кезеңде бетіне екі рет соққы тиген Всеволод Логвиннің жағдайы жақсы екенін айтты.

- Үшінші кезеңде Логвиннің бетіне екі рет соққы тиді. Жағдайы жақсы ма?

- Бәрі жақсы.

- Қақпашылардың жағдайы қалай? Бүгін Шутовтың мұзға шыққанын көрдік. Жігіттер қалпына келді ме?

- Иә, ойнағанына қарағанда, жағдайы жақсы.

- Ал Николаев ше?

- Николаев Астанаға кетті, оның жағдайы нашарлау.

32 матчтан кейін астаналық клуб 33 ұпаймен Шығыс конференциясының турнир кестесінде жетінші орында келеді. «Нефтехимик» 33 кездесуде 39 ұпай жинап, үшінші сатыда тұр.

Михаил Кравец шәкірттері келесі матчын 1 желтоқсанда Екатеринбургте жергілікті «Автомобилистке» қарсы өткізеді.

Абылай Сеитов
Журналист
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie