Қазақстан Ташкенттегі бокс бойынша әлем кубогының финалына алғашқы жолдамасын жеңіп алды
Қазақстандық боксшы Карина Ибрагимова Өзбекстанның Ташкент қаласында өтіп жатқан бокс бойынша әлем кубогының қорытынды кезеңінің финалына шықты. Ол шешуші кезеңге жолдама алған ұлттық құраманың алғашқы өкілі атанды, деп хабарлайды Sports24.kz.
57 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жартылай финалда Ибрагимова Сербия өкілі Наталья Шадринамен кездесті. Үш раундтың қорытындысы бойынша бес төрешінің төртеуі қазақстандық спортшыны жеңімпаз деп таныды. Осылайша, Ибрагимова төрешілердің бөлінген шешімімен 4:1 есебімен жеңіске жетіп, кем дегенде күміс медальді қамтамасыз етті.
Карина Ташкенттегі биылғы турнирдің финалына шыққан Қазақстан құрамасының алғашқы өкілі атанды. Ибрагимова — Қазақстан әйелдер құрамасындағы атағы ең зор әрі тәжірибелі спортшылардың бірі, әлем чемпионаттарында бірнеше рет жүлдегер атанған. Енді қазақстандық боксшы әлем кубогының алтын медалін еншілеп, жүлделер қорын толықтыруға мүмкіндік алды.
Еске салайық, бокс бойынша әлем кубогының қорытынды кезеңі 28 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Өзбекстан астанасында өтеді. Жарысқа 31 елден 142 спортшы қатысып жатыр. Турнирде Қазақстан атынан 11 боксшы — алты ер және бес әйел спортшы сынға түседі.