Жазира Жаппарқұл не себепті базарда саудамен айналысатынын түсіндірді
2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл YouTube желісіндегі «Aqyrys Seitqazy» арнасына берген сұхбатында кәсіби спорттан кейін базарда саудамен айналысып жүргенін айтты. Ол адал еңбектен ұялмайтынын, бірақ кейбір адамдардың сынына тап болатынын жеткізді.
«Мен біреудің нанын тартып жатқан жоқпын. Біреудің жұмысын алып жатқан жоқпын. Егер үйде отырып, ішіп-жесем, «ешкім болмай қалды» дер едіңдер. Енді адал еңбек етіп жатқанда тағы сынайсыңдар. Неге қолдау білдірмеске?
Тауарды өзім таңдап, өзім тапсырыс берем. Клиенттермен өзім жұмыс істеймін. Кейде мені танып қалып, «Базарға шығып кеткенсің бе?» деп таңырқайды. Иә, шықтым. Кейбір адамдар жазғыра қарап жатады, бірақ ойлансын, бәлкім мәселе олардың ой-санасында шығар», — деді Жаппаркүл.
Айта кетейік, Жазира Жаппарқұл ауыр атлетикадан әлем чемпионаттарында екі мәрте күміс медаль еншілеген — 2014 жылы Алматыда және 2015 жылы Хьюстонда.
Абиба Абужақыноваға тағы да автокөлік сыйға тартылды.