Тоқаев World Aquatics президентін «Достық» орденімен марапаттады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев World Aquatics президентін қабылдады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы World Aquatics ұйымының Қазақстанның су спорт түрлері федерациясына көрсетіп отырған қолдауын жоғары бағалап, халықаралық спорт ұйымымен серіктестікті нығайтуға мүдделі екенін растады.
«Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың су спорт түрлеріне қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтіп, отандық спортшылардың халықаралық деңгейде, соның ішінде Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында ел намысын абыроймен қорғап жүргенін айтты.
Осыған байланысты Президент Дмитрий Баландиннің Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарындағы тарихи жеңісін, сондай-ақ Әділбек Мусиннің 2022 жылғы Азия ойындарында қола медаль жеңіп алғанын еске салды», - делінген Ақорда хабарламасында.
Мемлекет басшысы елде бұқаралық және кәсіпқой спортты дамытуға, сондай-ақ халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге қажетті жағдайлар жасалып жатқанын айтты. Спорт инфрақұрылымын кеңейтуге ерекше көңіл бөлінеді.
Өз кезегінде Хусейн Әл-Мусаллам қазақстандық спортшылардың 2026 жылғы ХХ жазғы Азия ойындарында қол жеткізген нәтижелері мен көрсеткен өнері елдегі спорттың одан әрі дамуына зор әлеует бар екенін айғақтайтынын атап өтті.
Әлемде және Қазақстанда су спорт түрлерін дамытуға қосқан үлесі үшін Мемлекет басшысы World Aquatics президенті Хусейн Әл-Мусалламды II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.