Тоқаев Қазақстанның әлем чемпионатындағы тарихи алтынына үн қатты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қылыштасудан ерлер арасындағы ұлттық құраманы Гонконгте өтіп жатқан әлем чемпионатындағы тарихи жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Мемлекет басшысының құттықтауын оның кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров жариялады. Тоқаев қазақстандық шпажистердің тарихтағы алғашқы «алтыны» олардың жоғары спорттық шеберлігі, мықты мінезі мен нағыз командалық рухының айқын дәлелі екенін атап өтті.
Президент сондай-ақ спортшылар мен бапкерлік құрамға осы зор жетістік үшін шынайы алғысын білдіріп, олардың жеңісі Қазақстанның әлемдік спорт аренасындағы беделін нығайта түсетінін айтты. Соңында Тоқаев ұлттық құрамаға жаңа жарқын жеңістер мен алдағы табыстар тіледі.
Еске сала кетейік, Қазақстан ерлер құрамасы – Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай және Кирилл Проходов – 2026 жылғы әлем чемпионатында айрықша нәтижеге қол жеткізді. Қазақстандық шпажистер тарихта алғаш рет командалық сайыста әлем чемпионатының финалына шығып, алтын медаль жеңіп алып, әлем чемпиондары атанды.