Софья Самоделкина мәнерлеп сырғанаушылардың өмірін қиған қайғылы оқиғаға үн қатты
Қазақстан құрамасының көшбасшысы, мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина American Airlines әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшыраған қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты.
30 қаңтарда апат туралы ақпарат тарағаннан кейін ұшақ бортында америкалық мәнерлеп сырғанау қауымдастығының өкілдері болғаны анықталды. Сонымен қатар, жолаушылар арасында Ресей құрамасының қатарында әлем чемпионы атанған жұптасып сырғанаушылар Евгения Шишкова мен Вадим Наумов, сондай-ақ КСРО чемпионатының жұптық сырғанаудағы қола жүлдегері Инна Волянская болған.
Кейінірек БАҚ-тың мәліметінше, Вашингтонға жақындағанда апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағында 14 мәнерлеп сырғанаушы болған. Олардың алтауы Бостон мәнерлеп сырғанау клубының мүшелері, соның ішінде 1994 жылғы жұптық сырғанаудан әлем чемпиондары Джинна Хан мен Спенсер Лейн. Спортшылар Канзас штатының Уичита қаласындағы жаттығу жиынынан қайтып келе жатқан.
“Қайғылы жағдайға байланысты шын жүректен көңіл айтамын. Қайтыс болғандарға мәңгілік тыныштық, ал жақындары мен туыстарына осы ауыр сәтте күш пен төзімділік тілеймін”, — деп жазды өзінің Telegram арнасында Қазақстан чемпионы және Универсиаданың қола жүлдегері Софья Самоделкина.
Осы күні АҚШ президенті Дональд Трамп баспасөз конференциясында Вашингтонда апатқа ұшыраған ұшақтың жолаушылары арасында аман қалғандар жоқ екенін растады.