OCTAGON президенті діннің спорттағы рөліне қатысты пікір білдірді
OCTAGON лигасының президенті әрі UNDERDOG менеджерлік компаниясының жетекшісі Нұраддин Садықов кәсіби спортта діннің алатын орнына қатысты өз көзқарасын ашық білдірді. Оның пікірінше, халықаралық ареналарда бақ сынайтын қазақстандық спортшылардың табысқа толық жете алмауына рухани ұстанымдар да әсер етуі мүмкін.
«Жекпе-жекте мейірім жоқ. Егер жеңіске жетуді қаласаң, дінді жүрегіңде сақтауың керек, бірақ оны октагонға алып шықпау қажет. Себебі айқаста сен қатал болуың керек. Олимпиада болсын, өзге жарыстар болсын - біздің жігіттер көбіне аянып, аяушылық танытатындықтан, ең биік тұғырға жете алмай қалады. Жүректері жұмсақ, қарсыласын аяп жатады. Бірақ спорт пен дін бір арнаға сыймайды - бір қолмен екі қарбызды алып жүре алмайсың», - деді Садықов YouTube желісіндегі Zamandas жобасына берген сұқбатында.
Бұл мәлімдеме Қазақстанда 2025 жылғы 19 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа спорттық этика нормалары аясында айтылды.
Жаңа ережелерге сәйкес, туризм және спорт министрінің бұйрығымен спортшыларға, бапкерлерге және төрешілерге ресми жарыстар мен салтанатты рәсімдер кезінде діни көзқарастарын ашық көрсетуге тыйым салынады. Бұл тізімге намаз оқу, дұға жасау үшін қол көтеру, тәспі тарту, крест белгісін салу сынды діни әрекеттер кіреді.
Сонымен қатар, құжатта бұл шектеулер тек ресми жарыстарға қатысты екені атап көрсетілген. Күнделікті өмірде әркім өз сенімімен өмір сүре алады, алайда ресми алаңда бәріне ортақ этикалық тәртіп сақталуы тиіс.