Қазақстан спортшыларына көпшілік алдында діни әрекеттер жасауға тыйым салынды
2025 жылдың 19 шілдесінен бастап Қазақстанда спортшылар, бапкерлер және төрешілерге арналған жаңартылған Спорттық этика ережелері күшіне енеді. Бұл туралы Туризм және спорт министрінің бұйрығында көрсетілген.
Құжатта көрсетілгендей, спортшылар командалық ортада діни сенімдерін ашық білдіруге болмайды. Сонымен қатар, жарыстар мен марапаттау рәсімдерінде саяси немесе діни демонстрациялар жасауға жол берілмейді.
Бұл ережеге кез келген діни ишараттар жатады – көпшілік алдында дұға жасау, айқыш белгісін салу немесе қолды жайып тілек тілеу сияқты әрекеттер. Мұндай қимылдарға тікелей тыйым салынбаса да, олар ресми рәсімдер кезінде этикалық нормаларға қайшы саналады.
Бапкерлер спортшылардың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимнін жатқа білуін және салтанатты шараларға ұлттық құраманың немесе клубтың формасымен қатысуын қамтамасыз етуі тиіс.
Сондай-ақ, барлық спорт мекемелері этика мәтінін көрнекі жерге орналастырып, барлық спортшылар мен жаттықтырушыларды, төрешілерді келісімшартқа қол қойған сәттен бастап таныстыруы қажет.
Айта кетейік, мұндай шектеулер халықаралық тәжірибеде де бұрыннан бар. Халықаралық Олимпиада комитетінің Кодексінде спортшыларға саяси, діни немесе нәсілдік үгіт жүргізуге тыйым салынатыны нақты жазылған. Қазақстандағы бұл норма да спорттағы бейтараптықты сақтау талабына сай келеді.