Михаил Шайдоров беделді ISU сыйлығына үміткер атанды
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров 2025/2026 маусымының қорытындысы бойынша Халықаралық конькимен жүгірушілер одағының ISU Figure Skating Awards беделді сыйлығына үміткерлер қатарына енді.
Спортшы «Ең үздік костюм» аталымында ұсынылған. Бұл номинация сахналық бейнесі ерекше, креативтілігі, стилі мен көркемдік шешімдері үйлескен спортшыларды атап өтеді.
Михаил Шайдоров еркін бағдарламаға арналған костюмі үшін үміткерлер тізіміне енді. Жалпы номинанттар қатарында 16 мәнерлеп сырғанаушы (оның ішінде спорттық және би жұптары) бар, олардың арасында америкалық Илья Малинин, эстониялық Александр Селевко, жапониялық Каори Сакамото, Адам Сяо Хим Фа, Мэдисон Чок/Эван Бейтс (АҚШ), Ли Хэ Ин (Оңтүстік Корея), Анастасия Губанова (Грузия) және басқалары бар.
Сондай-ақ маусым қорытындысы бойынша «Ең үздік бапкер», «Ең үздік хореограф» және «Ең әсерлі бағдарлама» номинацияларының жеңімпаздары анықталады.
Дауыс беру ISU сайтында өтеді. Қолдау білдіргісі келгендер 18 наурызға дейін өз дауыстарын бере алады. Осыдан соң әр санатта үш финалисттен тұратын тізім жасалып, жеңімпаздарды осы спорт түрінің сарапшыларынан құралған қазылар алқасы анықтайды.
Өз дауысыңызды осында қалдыра аласыз.
Сыйлықты табыстау рәсімі мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатынан кейін, 29 наурызда Прагада (Чехия) өтеді.
Қазақстандық дизайнерлермен бірге «еркін бағдарламаға» арналған костюмді дайындаған спортшы терең көк түсті таңдады. Бұл түс ғарышты білдіріп, «Бесінші элемент» фильмінің атмосферасымен үндеседі. Еркін бағдарлама дәл осы фильмнің саундтрегімен орындалды. Костюмге жұлдыздарды еске салатын жылтыр тастар мен әшекейлер қосылды. Өз өнерін аяқтағаннан кейін қазақстандық спортшы бұл костюмді Олимпиада музейінің коллекциясына табыстады.
Михаил Шайдоров Милан-Кортина 2026 қысқы Олимпиадасында мәнерлеп сырғанаудан «алтын» жеңіп алып, Қазақстан тәуелсіздігі тарихындағы қысқы спорт түрлерінен екінші Олимпиада чемпионы атанды.
Қазақстандық спортшы әлем чемпионатында екі рекордты жаңартты.
