Күтпеген нәтиже: Қазақстандық балуандар әлем чемпионатында қай орынға тұрақтады?
Еркін күрестен Қазақстанның U-20 жастар құрамасы Болгарияның Самоков қаласында өткен әлем чемпионатында жарқын жетістікке қол жеткізді. Біздің жігіттер жалпыкомандалық есепте 112 ұпай жинап, қарсыластарынан оза шапты. Әсіресе Иран құрамасын бір ғана ұпай айырмасымен (111) артта қалдыру – нағыз тарихи жеңіс болды.
Чемпиондық тұғырға 18 жастағы Едіге Қасымбек көтерілді. Ол 125 келіге дейінгі салмақта қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, алтын медальді олжалады. Бұл жеңіс ауыр салмақтағы қазақстандық күрестің болашағы зор екенін айқын дәлелдеді.
92 келіде Камиль Құруглиев күміс жүлдені еншіледі. Ол финалда өзбек балуанына небәрі бір ұпай айырмасымен есе жіберіп, аса тартысты белдесуде шеберлігін көрсетті.
Ал қола медаль иегерлері қатарынан Нұрданат Айтанов (57 кг), Досжан Құлғайып (74 кг) және Самир Дұрсынов (97 кг) табылды. Әрқайсысы өз жекпе-жегінде жанкештілік танытып, команда қоржынына маңызды ұпай қосты.
Турнирдің абсолютті көшбасшысы болған АҚШ құрамасы 185 ұпай жинап, күмәнсіз бірінші орынға жайғасты. Алайда басты сенсацияны жасаған – қазақстандық жастар. Олар әлемдік аренада өздерінің жас болса да өр, амбициялы, ал ең бастысы, алпауыттармен тең дәрежеде күресуге дайын екендігін дәлелдеді.