Карелин Астанадағы әлем чемпионатында Садулаевтың Снайдерден жеңілуіне қатысты пікір білдірді
Үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Карелин ресейлік балуан Абдулрашид Садулаевтың Астанада өтіп жатқан күрес бойынша әлем чемпионатында америкалық Кайл Снайдерден жеңілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz «Матч ТВ».
Белдесу жарыстың 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі ширек финалында өтті. Садулаев Снайдерге 4:4 есебімен есе жіберді — америкалық соңғы нәтижелі әрекетінің арқасында келесі кезеңге өтті.
Карелин ресейлік балуан турнирдің бастапқы кезеңдерінің өзінде-ақ мықты қарсыластармен кездесуге мәжбүр болғанын атап өтті.
«Садулаевтың жолы осындай болды: алғашқы белдесуінде-ақ әлемнің қазіргі чемпионымен, одан кейін өзінің бұрыннан келе жатқан басты бәсекелесімен күресті. Бұл — жеңіске екі мәрте үміткер деген сөз. Мұндай жағдайлар болады, әсіресе бұл жерде бәсекелестік ерекше жоғары. Сондықтан мұнан ешқандай астар іздеудің қажеті жоқ. Бұл — нағыз адал бәсекелестіктің көрінісі. Оның үстіне, ол соңғы әрекет бойынша ғана жеңілді — 4:4. Сондықтан оның әлі де мүмкіндігі мол», — деді Карелин «Матч ТВ»-ға берген сұхбатында.
Сондай-ақ ол Садулаевтың Ресей құрамасына өту жолындағы күрделі іріктеу кезеңіне және әлем чемпионатына жолдама үшін шешуші өтпелі белдесуге байланысты қосымша жүктемеге назар аударды.
«Құрамаға өту жолындағы күрделі іріктеу мен бақылау белдесуі де өз ізін қалдырды. Сондықтан Абдулрашидтің келесі чемпионатта мансабын жалғастыруын күтеміз», — деп қосты үш дүркін Олимпиада чемпионы.
Жеңіліске қарамастан, Садулаев Астанадағы әлем чемпионатында медаль жеңіп алу мүмкіндігін сақтап отыр. Ресейлік балуан — екі дүркін Олимпиада чемпионы және алты дүркін әлем чемпионы.
Ал Снайдер 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында жеңімпаз атанып, төрт рет әлем чемпионы болған.
Астанадағы күрес бойынша әлем чемпионаты 1 қарашада аяқталады.