Қытайдағы сенсация: қазақстандық спортшы әлем чемпионын талқандап, қола жүлде иеленді
Қазақстандық жас спортшы Алан Құрманғалиев Пекинде өткен беделді China Youth Smash турнирінде қола жүлдені иеленіп, еліміздің үстел теннисі тарихына жаңа бет қосты.
17 жастағы қазақстандық теннисші жартылай финалға дейін тамаша өнер көрсетіп, өзіне сенген жанкүйерлерін қуантты. Әсіресе, ширек финалда Алан нағыз сенсация жасады: ол әлем және Азия чемпионы, қытайлық жас жұлдыз Ли Хэчэнді шиеленісті кездесуде жеңіп шықты. Матч толық жеті сетке созылып, Құрманғалиев табандылық пен ерік-жігер танытып, шешуші сәтте басым түсті – 4:3.
Алайда жартылай финалда қарсылас мықты болды. Екі дүркін жастар арасындағы әлем чемпионы қытайлық Вэнь Жуйбо тәжірибесі мен шеберлігін көрсетіп, матчты өз пайдасына жапты – 4:0. Соған қарамастан, Құрманғалиев қола жүлдеге қол жеткізіп, Қазақстан спорт жанкүйерлерін қуанышқа бөледі.