Қырғызстан Көшпенділер ойындарының медальдық есебінде Қазақстанның жеңісін мойындады
Қырғыз Республикасының президенті баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының медальдық есебіне қатысты жағдайға пікір білдіріп, есеп қайта қаралғаннан кейін бірінші орын Қазақстан құрамасына берілгенін растады, деп хабарлайды Sports24.kz.
«VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жоғары деңгейде өтіп, үлкен спорт мерекесі ретінде аяқталды.
Әсіресе көк бөрі мен жер улак бәсекелері өте тартысты болды. Қырғыз және қазақ командалары тамаша ойын көрсетіп, спорттық бәсекенің тек жарыс алаңында қалатынын тағы бір дәлелдеді.
Жанкүйерлер арасында да ешқандай келіспеушілік болған жоқ. Осы үшін екі елдің спортшылары мен жанкүйерлеріне ерекше алғыс айтамыз.
Командалық есептегі жалғыз техникалық айырмашылық медальдарды санау кезінде туындады. Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының медалін жеке-жеке есепке алу туралы шешім қабылдады. Осылайша, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Қазақстан иеленді.
Қазақ бауырларды жеңісімен құттықтаймыз!
Қырғызстан спортшылары да бұл Ойындарда өз күштері мен шеберліктерін лайықты көрсетті.
Медальдық есеп - спорттың бір бөлігі ғана. Бұл Ойындардың басты жеңісі - жарыстардың өзара құрмет пен адал бәсеке рухында өтуі және бауырлас халықтардың бірлігі мен ынтымағын тағы бір мәрте көрсетуі», - деді Алагөзов.
Осылайша, қорытынды кестеге қатысты дау ұйымдастырушылар Қазақстанның үш өкілінің жүлдесін бөлек есептегеннен кейін толық шешілді. Дәл осы түзету медальдық есептің жоғарғы бөлігіндегі орындарға әсер етті.
Нәтижесінде Қазақстан бірінші орынға көтеріліп, жарысты 74 медальмен - 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлдемен аяқтады.
Қырғызстан жалпы медаль саны бойынша алда болғанымен, алтын жүлде саны аз болғандықтан Қазақстаннан төмен орналасты. Осылайша, бірнеше күн бойы түрлі пікір туғызған медальдық есеп дауы Қазақстанның жеңісін ресми мойындаумен аяқталды.
