Бәсекесіз жолдама: Қазақстан құрамасының көшбасшылары Кубокқа қатыспайды
24 мамыр күні Астана қаласындағы Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде ересектер арасындағы грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Кубогы басталды. 30 мамырға дейін жалғасатын бұл дода - халықаралық жарыстарға іріктеу кезеңдерінің бірі. Алайда ұлттық құраманың үш көшбасшысы бұл жарысқа қатыспайтыны ресми түрде белгілі болды.
Кубокқа қатыспайтын балуандар:
• Нұрқожа Қайпанов (еркін күрес, 70 кг)
• Ризабек Айтмұхан (еркін күрес, 97 кг)
• Жамиля Бакбергенова (әйелдер күресі, 72 кг)
Бұл шешімді Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы қабылдаған.
Нұрқожа Қайпановтың жағдайында басты себеп - оның соңғы бір жылдағы айрықша нәтижелері. Ол осы аралықта әлем чемпионы және Азия чемпионы атанды. Осындай көрсеткіштерден кейін бапкерлер оған Кубокқа қатыспауға ресми түрде рұқсат берді. Бұл салмақтағы көшбасшылық позициясы ешқандай күмән туғызбайды.
Ризабек Айтмұхан мен Жамилә Бакбергенова да өз салмақ дәрежелерінде теңдессіз. Олардың орнына басты үміткер ретінде ешкім қарастырылып отырған жоқ. Яғни, Қазақстан Кубогында 97 және 72 келі салмақтарында кім чемпион атанса да, Загребте өтетін әлем чемпионатына дәл осы екі спортшы баратыны анық.