Бапкер Арутюнян Самоделкинаның әлем чемпионатындағы дебютін бағалап, оның көшіп келу мүмкіндігін растады
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина әлем чемпионатындағы дебютін сәтті өткізіп, Бостонда 14-орын алды және 2026 жылы Миланда өтетін Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды.
Жарыстан кейін оның жаттықтырушысы Рафаэль Арутюнян спортшының өнеріне баға беріп, Калифорнияға тұрақты дайындыққа көшу мүмкіндігін растады.
«Соңғы каскадтағы қателік мені қынжылтты. Бұған дейінгі жарыстарда оның лутц элементі дұрыс орындалмағаны үшін төмендетілген еді. Мен оған бұл жағдайға мән бермеуді айттым, өйткені маусым ортасында техникалық қателерді түзеу мүмкін емес. Біз бұл мәселені маусым соңында қарастыруды жоспарлағанбыз, алайда Бостонда Софья өз бетінше оны түзетуге тырысты, нәтижесінде қателік кетті», — деді Арутюнян RT басылымына берген сұхбатында.
Маман Самоделкинаны тұрақты түрде жаттықтыруға дайын екенін, бірақ түпкілікті шешім Қазақстанның мәнерлеп сырғанау федерациясына байланысты екенін атап өтті.
«Мен өз тарапымнан онымен жұмыс істеуге келісім бердім», — деді ол.
Сондай-ақ, Арутюнян спортшының физикалық дайындығын жақсарту басты міндет болатынын айтты. Бұл оған төрттік секірулер мен үштік аксельді қалпына келтіруге мүмкіндік береді.