Қазақстанның үздік балуаны Ризабек Айтмұхан Түркияда өткен халықаралық турнирде алтын жеңіп алды
26–29 маусым аралығында Түркияның Коджаэли қаласында өтіп жатқан Яшар Доғу, Вехби Емре және Хамит Капланды еске алуға арналған беделді халықаралық турнирде Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір алтынмен толықты.
97 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған еркін күрестен ұлттық құраманың көшбасшысы Ризабек Айтмұхан турнирдің жеңімпазы атанды. Финалда ол Болгария атынан сынға түскен, бұрын Ресей құрамасында белдескен Ахмед Магамаевты 7:2 есебімен сенімді түрде ұтты. Жарыс барысында Ризабек үш белдесу өткізді -үшеуінде де айқын басымдық танытып, жоғары деңгейдегі шеберлігін паш етті.
Айта кетейік, бұл - Қазақстан құрамасы үшін осы турнирдегі екінші алтын медаль. Бұған дейін 74 келіде белдескен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов финалда болгариялық Рамазан Рамазовты 5:0 есебімен ұтып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген болатын.