Қазақстандық таеквондошы әлем чемпионын жеңіп, Астанадағы Гран-приде медальға кепілдік берді
Қазақстан құрамасының таеквондошысы Батырхан Төлеғали Астанада өтіп жатқан 2026 жылғы Гран-при сериясының финалдық кезеңінде медальға кепілдік берді, деп хабарлайды Sports24.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап.
80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің ширек финалында қазақстандық спортшы ресейлік Артем Мытаревпен кездесті. Төлеғали екі раундта 2:0 есебімен жеңіске жетіп, жарыстың жартылай финалына жолдама алды әрі өз алаңындағы турнирде кемінде қола медаль иеленетін болды.
Айта кетерлігі, 1/8 финалда қазақстандық таеквондошы өз салмағындағы ең атақты қарсыластардың бірі — 2025 жылғы әлем чемпионы, бразилиялық Энрике Маркес Родригесті жеңді. Осылайша, Батырхан Төлеғали өз алаңындағы Гран-приде қатарынан екі жеңіске жетіп, алтын медаль үшін күресін жалғастырып жатыр.
Бұған дейін 49 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Азия ойындарының қола жүлдегері Рита Бакишева ресейлік Алиса Ангеловаға 0:2 есебімен есе жіберіп, жүлде үшін күресті аяқтады. Қазақстан атынан жарыстың алғашқы күнінде Мария Севостьянова (57 келіге дейін) де өнер көрсетеді. Ал ертең даянгке Азия ойындарының жеңімпазы Тамирлан Тілеулес (58 келіге дейін) шығады.