«Испан футболын ойнай алады»: «Ахматтың» бас бапкері Самородов пен Кенжебекті бағалады
Грозныйлық «Ахматтың» бас бапкері Ролан Гусев командасының шабуыл әлеуеті туралы айтып, Қазақстан ұлттық құрамасының футболшылары Максим Самородов пен Ғалымжан Кенжебекті ерекше атап өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Комментатор әрі журналист Адам Ахмадовтың подкастында ресейлік маман футболға деген көзқарасымен бөлісіп, шәкірттерінің испандық ойын мәнеріне жақын стильге бейімделуге қаншалықты дайын екенін бағалады. Гусевтің пікірінше, «Ахматтың» шабуылшылары допты бақылап ойнауға да, жылдам шабуыл ұйымдастыруға да қажетті қасиеттерге ие.
«Менің түсінігімде, жаттығу процесі испандық үлгіге жақын шығар. Меніңше, Касинтура, Самородов, Садулаев, Исма, Кенжебек секілді футболшылардың деңгейі жақсы: алдыңғы шептегілердің бәрі допты бақылап ойнай да, жоғары жылдамдықпен жылдам шабуылға шыға да алады», - деді маман.
Грозныйлық клубтың бапкері футболшыларының жаттығудағы өнеріне, қорғаныстан шабуылға ауысу кезіндегі әрекеттеріне және допты тартып алғаннан кейін шешім қабылдауына да көңілі толатынын айтты.
«Сондықтан мұның бәрі немен аяқталатынын көре жатармыз. Доппен жұмыс істегенде бәрі жақсы көрінеді: "рондода" (шаршыда) да, допты тартып алғаннан кейінгі ауысу кезеңдерінде де ойыншылар өте жылдам орындарына орналасады. Біз көргіміз келетін нәрсені бірден түсініп, шешім қабылдайды», - деп қосты Гусев.
Ролан Гусев бапкер болып тағайындалғалы бері грозныйлық клуб Ресей Премьер-лигасында қатарынан екі жеңіске жетті. Бүгін, 28 қарашада, «Ахмат» Ресей чемпионатындағы кезекті матчын өткізіп, жеңісті сериясын ұзартуға тырысады.