Қазақстандық сумошы Токиодағы турнирде чемпиондық бәсекеге араласты
Қазақстандық сумошы Харуки Кинбозан Токиода өтіп жатқан қыркүйектегі Aki Basho-2026 гранд-турнирінде сәтті өнер көрсетіп келеді. Он жарыс күнінен кейін Алматы тумасы сегіз жеңіске жетіп, екі рет жеңіліп, көшбасшыны өкшелеп келе жатқан балуандар қатарына қосылды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Сегізінші жеңіс және качи-коси
Оныншы жарыс күнінде Кинбозан маэгасира №16 Тошинофудзимен белдесті. Оның қарсыласы бұл айқасқа 6-3 нәтижесімен келген.
Қазақстандық балуан кездесудің басынан-ақ өз ырғағын тауып, мавашиден ыңғайлы ұстап, жапондық қарсыласын дохе шеңберінен шығарып жіберді. Бұл Кинбозанның турнирдегі сегізінші жеңісі болды.
8-2 нәтижесі оның мерзімінен бұрын качи-коси, яғни оң жеңіс балансын қамтамасыз еткенін білдіреді. Бұл сумода маңызды көрсеткіш саналады, өйткені сәтті турнир балуанға келесі бандзукэде жоғары көтерілуге мүмкіндік береді.
Көшбасшыдан бір-ақ жеңіс қалып тұр
Aki Basho аяқталуына бес белдесу қалғанда Кинбозанның жағдайы өте жақсы.
Турнирде ёкодзуна Оносато 9-1 нәтижесімен жеке көш бастап тұр. Ал Кинбозан 8-2 көрсеткішімен сэкивакэ Атамифудзи және Фудзинокавамен бірге көшбасшының ең жақын ізбасарлары қатарында келеді.
Осылайша, қазақстандық сумошыны бірінші орыннан небәрі бір жеңіс бөліп тұр. Ол турнирдің басты жүлдесі үшін таласын жалғастырады.
23 қыркүйекте Кинбозанды тағы бір маңызды белдесу күтіп тұр. Оның келесі қарсыласы - бұрынғы одзэки Асанояма.
Харуки Кинбозан кім?
Харуки Кинбозан деген атпен өнер көрсететін қазақстандықтың шын есімі - Ерсін Балтағұл. Ол 1997 жылғы 24 маусымда дүниеге келген және Жапониядағы Kise мектебінің атынан белдеседі. Оның бойы 194 сантиметр, салмағы шамамен 181 келі. Aki Basho турнирінде Кинбозан батыс маэгасира №10 дәрежесінде өнер көрсетіп жүр.
Кинбозан Жапониядағы кәсіпқой мансабын 2021 жылдың қарашасында бастады. Ал 2023 жылдың наурызында элиталық макуути дивизионында дебют жасады. Оның мансабындағы ең жоғары дәрежесі - маэгасира №3.
Қазақстандық балуанның еншісінде жауынгерлік рухы үшін берілетін екі арнайы жүлде, сондай-ақ дзюрё, макусита және сандаммэ дивизиондарындағы жеңістер бар.
Кинбозан бұған дейін де кәсіпқой сумодағы ең үлкен жетістіктердің біріне өте жақын болған. 2025 жылдың қаңтарында ол турнирді 12-3 нәтижесімен аяқтап, чемпиондық үшін қосымша белдесуге дейін жетті. Алайда шешуші айқаста Хосерюге жол берді.
Енді қазақстандық балуан тағы да чемпиондық бәсекеге араласты. Турнирдің аяқталуына бес күн қалды, ал оны көшбасшыдан бар болғаны бір жеңіс бөліп тұр.
