Қазақстан спорттағы радикалды көріністерге бақылауды күшейтеді


Қазақстанда спортшылар арасында экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстары күшейтіледі, деп хабарлайды КазТАГ.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, аккредиттелген спорт федерациялары осы бағытта алдын алу шараларын жүргізуге міндетті болады. Бұл бастама Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бір отырысында ұсынылып, 2027 жылға дейінгі жол картасына енгізілген. Жоба республикалық және өңірлік деңгейдегі спорт федерацияларын қамтиды.
«Қазіргі таңда спорт ұйымдары бұл мәселеге ерекше назар аударуы тиіс. Қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтап, тиісті мемлекеттік органдарға хабарлау маңызды. Біз бұл жұмысты бастап кеттік. Осы айдың соңында және сәуір айында тиісті құрылымдармен бірлесіп, өңірлерге барып, жаңа нормаларды түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Мамыр айына қарай барлық федерациялармен жиналыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Біздің негізгі міндетіміз – ықтимал қауіптердің алдын алу», – деді Жарасбаев.
Бұл бағыттағы жұмыстар басталып кетті. Наурыз және сәуір айларында министрлік өкілдері Антитеррорлық орталық штабының мамандарымен бірге өңірлерде түсіндіру кездесулерін өткізеді. Ал сәуір айының соңында немесе мамырдың басында барлық спорт федерацияларымен кеңес ұйымдастырылады. Осы алдын алу шараларына теологтар да тартылып, өз тәжірибелерімен бөліседі.
«Бұл мәселе тек біздің назарымызда ғана емес. Ол әртүрлі деңгейлерде көтерілді. Күні кеше ғана Құрылтайдың бір секциялық алаңында және Бурабайда өткен жиында депутаттардың бірі спорттағы радикалды көріністердің белең алып келе жатқанын атап өтті. Сондықтан біз бұл нормаларды заңнамалық деңгейге шығаруға мәжбүрміз», – деді Жарасбаев.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы қолдап, елімізде діни сенім бостандығы кепілдендірілгенін, бірақ ретсіздік пен радикализмге жол берілмейтінін ерекше атап өтті.
Қазақстанда легионерлерді мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салынды.


Теннис
Бүгін 15:48

Футбол
Бүгін 14:58